"Ұшақ билеті 5 есеге қымбаттаған": Қазақстандық туристік агенттіктер әуе компанияларын бағаны негізсіз өсірді деп айыптады
Отандық туристік агенттіктер әуе компанияларын тексеруді талап етті. Себебі тасымалдаушылар билет бағасын бес есеге шарықтатып жіберген. Тек былтырдан бері ішкі және сыртқы рейстердің құны 18%-ға көтеріліпті. Қымбатшылықты сарапшылар демалыс маусымымен байланыстырады. Олар жазда билетке сұраныс артып, әуе компаниялары еселеп пайда табуды көздейді деген пікірде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Демалыс маусымы басталғалы отандық турагенттіктердің телефонына тыным жоқ. Себебі аптап ыстықта теңізде тынығып, шетел асатын отандастарымыз көп. Санкция салдарынан ресейліктер де шекара асу үшін елдегі туристік компанияларға жүгіне бастапты. Алайда Қазақстан туроператорлар қауымдастығы солтүстік көршілеріміздің курорттық елдерге біз арқылы ұшуы билет бағасын шарықтатып жіберді дейді.
“Біз билет бағасының 10, 20%-ға емес, бірден 5 есе қымбаттағанын байқадық. Әуе компаниялары сұраныс артқанын көріп отыр. Сондықтан билет құнын шарықтатып жіберді. Оларды бақылайтын орган жоқ па? Бір өкініштісі, бағаны ауыздықтауға ешкім тырысып жатқан жоқ”, – деп мәлімдеді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рэй.
Қымбат билет шетелде демалғысы келетіндерге кедергі емес сыңайлы. Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 айда елдегі әуе компаниялары 3 миллионнан астам жолаушы тасымалдапты. Соның тең жартысы сыртқы рейстер. Тиісінше әуе тасмылдаушылардың пайдасы да еселеп артқан. Ал әуе компаниялары билет құны сұйық отынның бағасына тікелей байланыстырады. Дегенмен сарапшылар мұнымен келіспейді. Өйткені елде авиакеросин қоры жеткілікті, жыл басынан бері бағасы да өспепті.
“Билет құнының тек 30%-ы жанармай бағасына байланысты. Елде авицацияға арналған сұйық отын қымбаттаған жоқ. Мұнай өңдейтін зауыттар да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Менің ойымша, әуе компаниялары өз-өздерін сақтандыру үшін осындай қадамға барып отыр. Алдағы уақытта ұшақтарға құйылатын жанармай бағасы шарықтап кетуі де ғажап емес қой”, – деді мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукин.
Қазақстандағы туристік компаниялар әуедегі жол ақысын ешкім қадағаламайды деп қынжылады. Олар жағдайды тиісті органдар бақылауға алсын деген талап қойды. Ал Азаматтық авиация комитеті бағаны ауыздықтауға құзыретіміз жетпейді деп ашық айтты.
“2012 жылдан бастап ішкі әуе тасымалдар нарығы толығымен бейтараптандырылғанын және рейстер саны мен бағыттар бойынша шектеулер жоқ екенін атап өту қажет. Яғни тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар. Егер әуе компаниялары келісіп, бағаны қолдан өсірсе, монополияға қарсы қызметке жүгіну керек. Олар мәселені бақылауға алып, тексеріс жүргізеді”, – деді ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов
Сарапшылар ұшақ билетінің құны әлде де тоқтаусыз өсетініне сенімді. Тіпті эконом класстың бағасы бизнес класспен теңесуі де мүмкін. Турагенттіктер қымбатшылыққа тоқтау болмаса, сұраныс азаяды деп отыр. Себебі алдын ала билет сатып алмасаңыз, қазіргі баға қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді.