Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұрып-соғып, иттің етін жегізген: Шымкентте асырап алған балаларын қорлаған әке жазадан құтылып кетті

Шымкентте асырап алған балаларын қорлаған әкеге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скриншот 

Шымкенттегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудандық сотында асырап алынған балаларға зорлық көрсетті деп айыпталған Ұлықбек Смановқа қатысты іс жабық есік жағдайында қаралды. Сотта Смановтың созылмалы және психикалық аурумен ауыратыны туралы қорытынды ұсынылды.

“Ұлықбек Сманов өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтын болғандықтан сотқа қатыспады. 3 сарапшы оған шизофрения диагнозын қойды. Созылмалы психикалық аурумен Сманов 1995 жылдан бастап ауырған. Ресми түрде есепте тұрмаған. Ол тергеу, сот алдында жауап бере алмағандықтан мәжбүрлі емделеді. Қазір ол Талғар қаласындағы психикалық мекемеде”, – дейді судья Болат Қарабаев.

Психикалық ауытқуы болса да, Ұлықбек Смановтың қолындағы бала асырап алуға дайындаған құжатының бәрі мінсіз болған. Осылай деген білім басқармасының өкілдері денсаулық сақтау басқармасынан берілген анықтамада да, полициядан алған қағазда да есепте тұрмаған дейді. Тек асыранды балалардың үлкені көмек сұрап өзі тұрған балалар үйінің басшысына хабарласыпты. Тексеру содан кейін бір-ақ басталған.


Асырап алған балаларды нәжіспен тамақтандырған: Шымкентте бүлдіршіндерді қамқорлыққа алған отбасыға қылмыстық іс қозғалды


“Біз барғанда Сманов үйіне кіргізуге, ал балалар жағдайын білгенде оларды әкетуімізге қарсы болды. Тіпті үстімізден 13 рет шағым түсірді. Кішкентайларды ол жақтан күресіп жүріп шығардық”, – дейді Шымкент қаласындағы білім басқармасының өкілі.

Олардың айтуынша, ер адам әр бала үшін мемлекеттен айына 37 мың теңге алып отырған. Алайда басқарма өкілдері балаларды кері қайтарғанда денсаулығы нашарлап, қатты ауырып жатқан екен.

Сот барысында 6 баланы асырап алған емшінің бұған дейін адам өлтіргені де анықталды. Ол 1993 жылы емделуге келген әйелді өлтіріп алған екен. Ол кезде де психикалық ауытқуы бар екені анықталып, жазадан құтылып кеткен. 6 рет үйленген ер адамның барлық некесі ауруына байланысты сәтсіз аяқталған. Арада бала жоқ. Ал балаларды қинау барасында қасында болған әйеліне қатысты әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалмапты.

"Сманов мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылады. Егер емделіп жатса, бостандыққа шығады. Ол 1995 жылдан бері шизофрения диагнозымен есепте тұр. Бұл істе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы білім басқармасының кемшіліктері бар. Сманов бұрын осылай жауапкершілікке тартылғаны, есепте тұрғаны белгілі. Ол жүйке ауруы шизофрениямен жас кезінен бастап ауырған. Осыны ескермей, оған балаларды асырауға берген", – дейді сотталушының адвокаты Убадулла Нұрманов.

Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, Шымкент қалалық полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына бергені үшін жеке қаулылар шығарылды.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте ер адам асырап алған алты балаға ит етін жегізіп, мал бақтырып келгені туралы жазған едік. 

Өзін “емшімін” деп таныстырған ер адам балаларды Шымкент, Алматы, Өскемен, Астана қалаларындағы балалар үйінен алып кеткен. Екі бала асырап алынды, қалғандары қамқоршылыққа алынды.

Талқылау