Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұн тапшылығы болуы мүмкін": Павлодарда ұн өндірушілері мемлекеттен көмек сұрады

Павлодарда ұн тапшылығы болуы мүмкін. Қазір қоймада тек екі аптаға ғана жететін астық қалған. Осылай деп дабыл қаққан өңірдің ұн өндірушілері мәселеге Үкімет жедел түрде араласпаса, жағдай тіптен қиындап кетуі мүмкін дейді.  Өйткені аймақтағы бидайдың бәрі экспортқа шығатындықтан, шикізат табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан  кәсіпкерлер астық экспортына баж салығын салу сұрайды. Ал бұған диқандар үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

Ұн

Ербол Досыбаев басқаратын диірмен бірінші сұрыпты әлеуметтік ұн өндіреді. Бұған дейін кәсіпорын шикізатты Ресейден алып келген. Бірақ көрші елмен алыс-беріске шектеу енгізілгелі жағдай біршама қиындап кеткенін айтады. Өйткені жергілікті диқандар бидайды өз елімізде сатқаннан гөрі шетелге жөнелткенді жөн көреді екен.

"Жылына 120 тонна ұн шығарамыз. Биыл жылдық қуаттылығымызды жаба алмаймыз ба деп қорқып отырмыз. Шикізат аз. Сондықтан кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Әзірге бір аптаға жететін шикізатымыз бар. Үкімет қолдау білдірмесе, аймағымыз әлеуметтік ұнсыз қалуы мүмкін", - дейді ұн өндіруші Ербол Босыбаев. 

Шикізаттан тарыққан ұн өндірушілер  экпорттық баж салығын енгізуді сұрайды.   

"Соңғы жылдары ресейлік шикізатты өңдеп жатырмыз. Себебі біздің бидай шетелге кетеді. Бұл жағдайдың салқыны бізге тиіп отыр. Ал салық төлеп, жұмыс орындарын ашатын отандық өндірушілер астықсыз қалып отыр. Біз Үкіметтен экспортталатын бидай көлемін бір жарым миллион тоннаға азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл – елдегі барлық ұн тартушылардың тілегі", – деп мәлімдеді "Қазақстан астық өндірушілер" одағының өкілі Жанар Серімова. 

Ал баж салығын енгізуге астық өсірушілер қарсы. Олардың айтуынша, бидайды шетелге шығармаса,  қамбада шіріп кетуі мүмкін. Диқандардың сөзінше, отандық бидайға сұраныс аз.

"Егер біз экспортты жапсақ онда біз де ол жақтағы тұтынушыларымызды жоғалтамыз. Бидай жеткілікті, Ресейден де контрабандалық жолмен арзан бидай келіп жатыр", –  деді диқан Ерлан Тоқтышақов. 

Қазір қоймада екі аптаға ғана жететін астық бар.  Бірақ ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша,  мәселе  шешіледі.

"Сегіз ұн тартатын кәсіпорындармен меморандумға қол қойылды. Олар ұнның келісін 119 теңгеге сатады. Нәтижесінде бөлшек саудада нанның бағасы 95 теңгеден аспауы қажет. Жылдың жаңа өнімі шыққанша", –  дейді Палодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Бектұрова. 

Аймақта жиырмадан аса ұн тартатын диірмен бар. Басқарма оларға 50 мың тоннадан астам бидайды өңдеуге берген. Бірақ бұл шикізат нарықты толық ұнмен қамтуға жетпейді.  

Талқылау