Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлттың наласына ұшырайды": Қалдыбек Құрманәлі АҚШ-тан акула алдырған Әлқожаны сынады

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі АҚШ-тан акула алдырып сойдырған Әбдіжаппар Әлқожаны сынға алды. Айтуынша, қарапайым халық несиесін жаба алмай, нанға ақша таппай жүргенде, әншінің бұлай жасауы үлкен қателік. Композитор мұндай жағдайда халықтың наласына ұшырайтынын ескертті. Бұл туралы Құрманәлі Hit-TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Қазір шынайы өнерді тоймен шатастырып жүргендер бар. Баяғыда ауылдан шыққан өнерпаз ауданға, одан облысқа, республикаға іріктеліп келетін. Қазір ақшаң болса, ауылда қойшы болып жүрген жеріңнен ақшаға ән жаздырасың, тойларға шығасың, ақша топырлайды, шетелден ет алдырасың, қыдырасың да, бірден қойшы ауылдан республика сарайына концерт бересің. Жұрттың бәрі той арқылы байып алып, қымбат көлік мінгенін, тамақ ішіп отқанын, шетелге шыққанын жарнамалайтын болды.

Мен ол адамдарға аяп, мүсіркеп қараймын. Өмірі тойып тамақ ішпеген. Қазақтың несібеcі ғой, біреудің дүниесін қызғанбаймын. Бірақ соны тапқаннан кейін, көтере алмайтын әншілер көп. Концертінде "ұнамаса, шығып кет" деп Төреғали Төреәлі шықты. Әлі мұрнының боғын сүртіп болмаған балалар ғой", - дейді Қалдыбек Құрманәлі. 

Композитордың айтуынша, өнер адамдарының мұндай өрескел қадамдарға баруы "ақшаның буынан". Осы ретте Құрманәлі өзін "ақсүйек" атап, кейін тойында акуланың етін сойдырған Әлқожаны атап өтті. 



"Мен қазақ емеспін, қожамын, ақсүйекпін" деп Әбдіжаппар Әлқожа шықты. Шетелден акуланың етін алдырды, дейді. Өзіңді өзің жексұрын қылу неге керек? Бүкіл халық шетелден акуланың етін алдырып жатса түсінемін. Елдің жағдайы шетелден акула алдырып жейтіндей болса, жейік. Халықтың жағдайы қазір сіңірі шыққан кедей. Өз күнін көре алмай, банктерге несиесін жаба алмай жүрген бүкіл қазақ, нансыз отырған үйлер бар. Сондайларға бұл басу ма? "Сендер тас кедейсіңдер, мен күштімін" дегені ме? Осылар ұлттың наласына ұшырайды.

Ертең даусым шықпай қалса, кино түсіремін болмаса бизнес ашып аламын, құрығанда Жазира (авт. Байырбекова) сияқтылар сән салонын ашып аламын деп ойлап жүр ғой. Олай бола бермейді. Халықтың наласына қалуға, асқақтауға болмайды", - деді композитор.

Журналист Айгүл Ысқақ Әбдіжаппардың мешіт салғанын, оның жақсылығын да айту керектігін алға тартты. Алайда композитор жақсылық пен жамандықты қатар жасауға болмайтынын кесіп айтты. 

"Бір күйеуден бала туып, екінші күйеуге тиіп кетуге болмайды. Жақсылық жасап, ойнастық жасап кетуге болмайды. Сол сияқты мешіт саласың ба, соның соңынан кету керек", - дейді композитор.  

STAN.KZ
Дүйсенбі, 14 Наурыз, 2022 11:05
Талқылау