Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баласы қайыр сұрағаны үшін қазақстандық әйел айыппұл арқалады

Бала қайыр сұрау
Фото: magnific.com

Таразда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін анаға қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.

Кәмелетке толмаған бала бағдаршам маңында көлік жүргізушілерінен ақша сұрап, қайыршылықпен айналысқан. Бала 16 жасқа толмағандықтан, оның анасы жауапкершілікке тартылды. Ол құқықбұзушылықты толық мойындап, өз ісіне өкінетінін айтты.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 3-бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайлар үшін 20 АЕК-ке дейін, яғни 86 500 теңге айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сот жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, айыппұл мөлшерін 30% азайтты. Сөйтіп әйел мемлекет бюджетіне 60 мың теңге төлеу міндеттелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Шымкенттегі зоопаркте қояндардың қоршауына кіріп, жануарларды қуған баланың анасына айыппұл салынған еді. Бала вольер ішінде жүгіріп, қорқып тұрған қояндарды қуалап, ұстап әбігерге салған. Ал анасы осы жағдайды қызық көріп, видеоға түсіріп тұрған. Бұл "ойыннан" анасы мен баласы көңіл көтергенімен, қояндар қатты күйзеліске түскен.

Анасы мен баласына зоопаркте өзін ұстау ережелері түсіндірілді. Жануарларды мазалауға, оларға стресс тудыруға, әсіресе вольерге кіруге қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен қатар мұндай әрекеттер балалардың өзі үшін де қауіпті екені айтылды.

Айта кетейік, былтыр мамыр айында 17 жастағы жасөспірім Шымкент зоопаркіде түйеқұстардың вольеріне кіріп кеткен еді. Ол құстарды қуалап, бірін теуіп жіберген. Осылайша, әкімшілік іс қозғалып, ата-анасына айыппұл салынған.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 16:04