Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрсенғали Алагөзов тағы 50 қызметкеріне пәтер сыйлады

Тұрсын Алагөзов қызметкерлерімен
Фото: Видеодан скриншот

Танымал кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзов қызметкерлеріне тағы 50 пәтер сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қуанышты жайт жайлы блогер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Кәсіпкер Шымкент сыра қайнату зауытынның 50 жылдығына орай онда 46 жыл бойы еңбек еткен қызметкерлеріне 50 пәтер сыйлады.

Видеода Тұрсен Алагөзов бұл күннің өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, ол өмірінде қаржылық қиындықты бастан өткерген. Ол бір кездері бизнесінен айырылып, үш жыл бойы айына 200 мың теңге табыс тапқанын еске алды.

“Бүгін мен үшін өте әсерлі сәт. Өйткені мен өмірімде осындай кезеңнен өттім. Үш жыл бұрын айына 200 мың теңге табыс таптым. Маған өте қиын болды. Бизнесімнен айырылдым, күн көруге қаражатым болмады. Ай сайын 200 мың теңге ғана табатынмын. Күн сайын ақшамды есептеп отыратынмын: 10 мың теңге мынаған жете ме, 5 мың теңге сүтке жете ме деп санадым. Мұның бәрінен өттім. Бұл мен үшін өте ауыр кезең болды”, – деді ол.

Оның айтуынша, сол қиын кезеңде баспанасынан айырылып қалам ба деген қорқыныш та болған. Ол ипотекадағы пәтерін төлей алмай, әр күнін алаңмен өткізгенін айтты.

“Кейін әріптестеріме көмектесуге мүмкіндік туған кезде, еш ойланбастан, ештеңеге қарамай, адамдарға қолдау көрсетуім керек екенін түсіндім. Өйткені мен өзім де жалдамалы пәтерде тұрып, қалтамда бар болғаны 10 мың теңгемен күн көрген кезді бастан өткердім. Ол пәтер ипотекада еді, мен оны төлей алмай, күн сайын баспанамнан айырылып қалам ба деп қорқатынмын. Сондықтан мұның қаншалықты қиын екенін жақсы білемін”, – деді ол.

Тұрсен Алагөзов сол кезде өзіне бизнесін қайта қалпына келтірсе, адамдарға көмектесемін деп уәде бергенін жеткізді. Бүгінде мүмкіндігі туған соң, әріптестеріне қолдау көрсетуді парыз санаған.

“Сол кезде өзіме уәде бердім: егер бизнесімді қайта қалпына келтіре алсам, адамдарға көмектесемін дедім. Сондықтан бүгін осында отырған баршаңызға жеке өз атымнан пәтер сыйлағым келеді”, – деді ол.

 Еске салайық, бұған дейін Тұрсынғали Алагөзов Алматыдағы қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 15:45