Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жасырын цех танымал неміс брендінің атымен заңсыз сыра өндірген

Заңсыз сыра өндіру
Фото: Видеодан скрин

Алматыда полиция заңсыз сыра өндіретін жасырын цехты анықтап, қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жасырын цех жертөледе орналасқан. Онда танымал неміс брендінің атын жамылып, алкоголь өндірген. Тінту барысында құқық қорғау органдары сыра өндіруге арналған арнайы қайнату жабдықтарын, шикізатты, сондай-ақ дайын өнімді құюға және сақтауға арналған ыдыстарды тапты.

Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың литр сыра тәркіленді. Сонымен қатар өндірістік жабдықтар, кегтер және өнімді әрі қарай таратуға арналған ыдыстар да тәркіленді.

Полиция жасырын цехтың ішін видеоға түсіріп, жариялады. Видеодан өндіріс процесі, қолданылған жабдықтар және дайын өнімдерді көруге болады. Оның ішінде белгілі ескі неміс сыра брендінің атауы жазылған кегтер де бар.

Аталған дерек бойынша барлық мән-жайды анықтап, заңға сәйкес процестік шешім қабылдау үшін тексеру шаралары басталды.

Бұған дейін Семей тұрғыны спиртке су араластырып, брендтік алкоголь деп сатқан еді. Ол ішімдікті лицензиясыз өндірген. 

“Орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластырып, алкоголь дайындап, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйған. Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған”, – деп жазды Қаржы мониторингі агенттігі.

Тінту барысында заңсыз айналымнан “Finsky Ice” және “Сибирские морозы” атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары табылып, тәркіленді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 16:20