Алматы тұрғыны танымал дүкенде қазақша қызмет ала алмағанына шағымданды

Алматыдағы Adidas дүкенінде қазақ тілінде қызмет ала алмаған қазақстандық шағым білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Алматыдағы “Мерей” сауда үйінде орналасқан Adidas дүкенінде болған.
Қазақстандық тұрғын жағдайды Threads желісіндегі парақшасында баяндады. Оның айтуынша, ол кассада қазақша қызмет сұрап, орыс тілін түсінбейтінін айтқан. Алайда дүкен қызметкерлері тек орыс тілінде сөйлесіп, “бізде екі тіл” деп жауап берген.
“Қазақстанда тұрып, қазақша қызмет ала алмау – жай ғана проблема емес, клиентке деген құрметсіздік. Заң бойынша тұтынушыға ақпарат мемлекеттік тілде берілуге тиіс. Бірақ бұл жерде ол талап мүлде сақталмаған. Егер мұндай жағдайға көз жұма қарасақ, тиісті органдарға жүгінуге дайынмын. Мұндай жағдай қайталанса, тиісті органдарға жүгінуге дайынмын”, – деді ол.
Оған қоса қазақстандық “неге өз елімізде қазақша қызмет ала алмаймыз” деген күйінішін жеткізді.
Компания тарапы не дейді?
Ал бұл жағдайға “Мерей” сауда орталығындағы Adidas дүкенінің директоры Рүстем Сағынаев жауап берді.
“Қызметкерлеріміздің мемлекеттік тілде қызмет көрсете алуы біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан тексеріс жүргізіп, барлық қызметкердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз етеміз. Сізді adidas дүкендерінде қайта көргіміз келеді”, – деді ол.
Желі қолданушылары мұны сынға алды
Бұл оқиға желі қолданушыларының сынына ұшырады. Көпшілік “екі тіл” деген ұғымның іс жүзінде сақталмайтынын айтты.
Пікірлердің бірінде:
“Екі тіл дей ме, бірақ тек орысша сөйлейді. Егер екі тіл болса, тұтынушы қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруі керек”, – деп жазылған.
Оқыңыз“Екі тіл деп айтса, неге қазақтар секілді екі тілде де сөйлемейді”.
“Осылар неге мақау болды екен, екі тіл деп тек орысша сөйлесетін. Тұтынушы қазақша сұраса қазақша, орысша сұраса орысша жауап берсе ол екі тіл болады. Ал тек орысша жауап беріп екі тіл деп. 1 000 теңге беріп, міне 2 000 теңге деп кету керек бұларға”.
Тағы бір қолданушы мұны “мемлекеттік тілге қатысты ашық дискриминация” деп бағалаған.
“Негізі мұндай қазақша қызмет көрсетпейтін компаниялар өте көп. Қазақ ақкөңіл ғой. Орысша сөйлей бастаса жарайды деп орысша сөйлеп кетеді”.
Ал енді бірі Adidas компаниясының өзіне шағым жолдағанын айтты.
“Adidas дүкенінде қызметкерлер мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартты. Ал бұл Қазақстан заңының талаптарын бұзады. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласында ақпарат мемлекеттік тілде берілуге тиіс және тұтынушы өзіне ыңғайлы тілде қызмет алуға құқылы. Компаниядан ішкі тексеріс жүргізіп, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді талап етемін”, – деп жазылған шағымда.
Айта кетейік, бұған дейін желіде әкімшілігі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортындағы Gusto мейрамханасына қатысты дау туған еді.