Тоқаев жыл сайын 200 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беретін жүйе туралы айтты

Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы негізгі мемлекеттік жобаларға тоқталды. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15%-дан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.
“Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді”, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, салық саласында да түбегейлі өзгерістер болды. Осылайша, салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті.
“Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады”, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.
“Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн”, – деді Мемлекет басшысы.
Оқыңыз