Ұлттық қордан ақша алуды жалғастыра берсек, 2035 жылға қарай ақша таусылады - министрлік
Егер үкімет Ұлттық қордан қазіргі деңгейде үлкен көлемде қаражат алуды жалғастыра берсе, 2035 жылға қарай қордағы ақша таусылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл туралы ұлттық экономика министрлігі премьер-министр Олжас Бектеновтің бизнес және сарапшылар қауымдастығымен кездесуінде мәлімдеді.
"Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, реформалар жүргізілмесе және қазіргідей пайдалану қарқыны сақталса, Ұлттық қор 2035-2036 жылдары ең төменгі деңгейге жетуі мүмкін", – делінген үкіметтің хабарламасында.
Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қорға тәуелділікті азайту үшін қосылған құн салығының дифференцияланған мөлшерлемелерін 0%-дан 16%-ға дейін енгізіп, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды.
Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың көлемі 33 трлн теңгеге жетіп, жыл ішінде 3,2 трлн теңгеге ұлғайған. Өткен жылы Ұлттық қорға мұнай секторының салықтарынан 3,8 трлн теңге және 2024 жылдың тоғыз айындағы инвестициялық кіріс ретінде 4,98 трлн теңге түскен. Ал бюджетке трансферт ретінде 5,6 трлн теңге жұмсалған.
2025 жылы үкімет Ұлттық қордан 5,25 трлн теңгені бюджетке трансферт ретінде алуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат бюджет тапшылығын жабуға және ұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.