Ұлттық қордан балаларға: Ақшаны қайда жұмсауға болады?
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін қаржыға шетелдегі оқу ақысын төлеуге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2022 жылғы ресми деректер бойынша, елдегі 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны 7 миллионға жуық. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын барлық балаға тең бөлу көзделген.
"Бұл қаражатты баланың білім алуына, ипотекалық жарна төлеуге, қарыздарды жабуға, баспана алуға жұмсауға беріледі. Бала кәмелет жасқа толғаннан кейін ғана алушылар санатына көшеді. Алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. 18 жасқа толғаннан кейін көрсетілген қаражат баланың есепшотына аударылады. Қаражат 10 жыл бойы алынбаса, баланың зейнетақы жинағына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан азаматтығы жойылған кезде төлемдерге талап қою мүмкіндігі жойылады. Қаржы бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл бойы сақталады. Жобаның операторы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры", – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Бала қайтыс болған жағдайда Ұлттық қордан оған берілетін қаржы ата-анасында қалады немесе сол отбасындағы басқа балалардың арасында бөлінеді.
Айта кетейік, жоба 2024 жылдан бастап іске қосылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылдың ақпанында 18 жасқа толғандар Ұлттық қордан ақшасын шеше алатынын жазған едік.