Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылдан бастап жәрдемақы мөлшері артады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы индекстелетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Министрдің сөзінше, 2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстеледі.

"Биыл қаңтардан бастап барлық зейнетақы мен жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстеледі", – деді Байбазаров. 

2025 жылға арналған республикалық бюджетте 42 түрлі әлеуметтік төлемдер бойынша 6 триллион теңгеден аса қаражат қарастырылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға көп. Республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллионға жуық қазақстандық отбасы жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алады.

"2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстеледі. Балалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды төлеуге 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 875,1 миллиард теңге қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғасады. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 76 мың отбасы немесе 403 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды", – деді Нұрлан Байбазаров.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 қаңтардан бастап мүгедектер мен жетімдерге берілетін әлеуметтік төлемдер өсетінін жаздық. Үкімет 2024 жылғы 19 қарашада "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту туралы" қаулыны бекітті. 

Талқылау