Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк базалық ставканы 14,5%-ға дейін көтерді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13,5% болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ұлттық банк

Нақты инфляция инфляциялық күтулердің жеделдеуі аясында болжамды көрсеткіштен едәуір асып түсті. Тұтынушылық бағалардың орнықты құрамдас бөліктері, сол сияқты бағаның жалпы деңгейі өсіп келеді. Биылғы мамырда және маусымда қалыптасқан инфляция шарықтау шегінен өтпегенін көрсетеді. 

“Жоғары инфляциялық күтулер проинфляциялық қысымды күшейтуде. Ұлттық Банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды”, – делінген хабарламада. 

Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады.

“2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жеделдеді. Барлық құрамдас бөліктер бойынша баға өсіп келеді – азық-түлік тауарлары (19,2%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2%) және ақылы қызметтер (9,2%). Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр”, – деп қосты Ұлттық банк өкілдері. 

Базалық инфляция жалпы инфляциядан озып, бағаның орнықты өсу факторларының басымдығын көрсете отырып, қайтадан үдей бастады. Инфляциялық күтулер де үдегенін көрсетті – 2022 жылғы маусымда күтілетін инфляцияның медианалық бағасы бір жыл ішінде 14,9%-ға дейін (мамырда – 13,8%) өсті.

Мамыр-маусымда нақты инфляцияның және инфляциялық күтулердің неғұрлым жоғары деңгейде қалыптасуын ескере отырып, Ұлттық Банк 2022 жылы жылдық инфляцияның бұрын айтылған 13-15% болжамының жоғарғы шегінен де жоғары жеделдеуін күтеді. Жаңа бағалау келесі болжамды раунд аясында жүргізіледі.

“2022 жылдың бірінші жартыжылдығында экономика 3,4%-ға өсті, бұл жалпы Ұлттық Банктің болжамдарына 2022 жылдың соңына дейін 2,8-3,8% деңгейінде сәйкес келеді. Экономиканың барлық негізгі салалары өсуде, бірақ кейбір салаларда іркіліс бар. Мәселен, Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тау-кен өнеркәсібінің өсімі баяулады. Сонымен бірге, инфляциялық процестердің жеделдеуіне қарамастан, сауда көрсеткіштері тұрақты сұранысты көрсетеді. Жиынтық сұраныс жылдық өсуі жеделдеген және маусымда 18,7%-ды құраған елеулі мемлекеттік шығыстармен ынталандырылуда. Бұл маңызды проинфляциялық фактор саналады және монетарлық жағдайларды тиісінше реттеуді талап етеді”, – деп қосты Ұлттық банк өкілдері. 

Әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралды. Дүниежүзілік Банк 2022 жылы жаһандық экономиканың болжамды өсімін 4,1%-дан 2,9%-ға дейін төмендетті. Қазақстанның сауда әріптесі саналатын елдер бойынша өсу болжамы да: Ресей бойынша 2,4%-дан минус 8,9%-ға дейін, ЕО бойынша 4,2%-дан 2,5%-ға дейін, Қытай бойынша 5,1%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді. Геосаяси қақтығыс, Қытайдағы карантиннің ықтимал күшеюі, жеткізілім тізбегіндегі іркілістердің салдарынан әлемдік экономикада әлсіз даму тәуекелі сақталып отыр.

Талқылау