Ұлытау өңірінде елге қайтарылған қаржы есебінен 1,4 млрд теңгеге жаңа мектеп салынады
Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық жаңа мектептің құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото t.me/KZgovernment
Білім ошағы "Вокзальный" шағын ауданында бой көтереді. Қазір бұл аудандағы балалардың көбі қаланың басқа жерлерінде қатынап оқуға мәжбүр. Олар екі ауысымда автобустармен жеткізіледі.
Қазір қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына барлығы 56,6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Олардың қатарына Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылындағы мектептер мен Түркістан облысының Темірлан ауылындағы музыкалық мектептер кіреді. Сонымен бірге Ақмола облысының Зеренді ауылындағы спорт кешені, Риддердегі көпсалалы аурухана кешені, Шымкенттегі жатақхана және Ақтөбе мен Петропавлдағы 2 балабақша бар.
Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат аударудан басқа, "Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң субъектілерінің қаражаты есебінен біршама ғимараттар салынады. Қазір Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда қайтарылған активтер есебінен жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге қауқарлы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы салынатыны айтылған еді. Ал бұған үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 4,6 млрд теңге бөлетіні хабарланған.