Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлыңыз қызтекеге үйленсе, бата бересіз бе?" – Ардақ Назаров ЛГБТ насихаттағандарға жол бермеу керектігін айтты 

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда ЛГБТ насихатына жол бермеу керектігін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: видеодан скриншот

Депутат экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармау керек екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін ең алдымен дәл осы идеология саласын реттеу қажет.

“8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ олай болмады. Жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр. Жалпы соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Насихаттаушылардың артында батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім”, –  деді Ардақ Назаров мәжіліс отырысында. 

Депутат гей-пропаганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатқанын айтты. Мұндай сұмдықты оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан байқауға болады. 

“Қазір менің осы депутаттық сауалым жарияланысымен-ақ өз қандастарымыз жағамнан алатынын біліп отырмын, "толеранттық", "төзімділік" деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды. Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен "отау құрып" жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе?” – деді депутат.

Ардақ Назаровтың айтуынша,  ЛГБТ идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тоз-тозын шығаруды көздейді. Ал дәстүрі мен руханиятынан айырылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды.

“Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек. Кеше алаңда ЛГБТ жалауын жамылып жүрген балалар бөтен емес, ол – сіздің де, менің де балам, ол – қазақтың қаракөздері. Бәле менің үйіме келмесе болды деп алаңсыз жүре алмаймыз. Келетін індет келіп болды, оның тамырына қазір балта шаппасақ, ертең бармақ шайнап қалатынымыз айдан анық”, – деді депутат.

Ардақ Назаров осы мәселеге қатысты мынадай ұсыныстарын айтты:

- Митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алынсын.

- Барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салынсын.

- Теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормалары жасақталып, Парламентке қарастыруға енгізілсін.

- Республика көлеміндегі оқу орындарында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттау сабақтары оқытылсын.

Талқылау