"ҰҚШҰ әскері Қазақстан билігін экстремистердің басып алуынан құтқарды" – Путин
Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ бітімгершілік контингенті Қазақстандағы билікті экстремистердің басып алуының алдын алуға көмектескенін айтты. Бұл туралы Путин дүйсенбі, 16 мамырда Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Шектеулі мерзімге енгізілген ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің контингенті Қазақстан билігін шетелден бақыланатын экстремистердің басып алуына жол бермеді. Республиканың ішкі саяси жағдайын тез арада тұрақтандыруға ат салысты", - деді Ресей басшысы.
Путиннің сөзінше, ҰҚШҰ бітімгершілік операциясының сәтті өтуі ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кемелденгендігінің көрсеткіші, сонымен қатар оның қауіп-қатерге қарсы тұрудағы нақты қабілетін көрсетіп берген.
Қазақстандағы қақтығыстар
Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.
Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.