"Жай мектепке қабылдамайды": Алматыда 200-ден астам ерекше бала тегін оқу мүмкіндігінен айырылу алдында тұр
Ата-аналар қаржыландыру тәртібінің өзгеруіне алаңдаулы. "Педагог академиясы" мамандандырылған мектебінде білім алатын 270-ке жуық баланың бір бөлігі тегін оқу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. №174 мектеп-гимназиясында осыған байланысты ата-аналар мен білім басқармасы басшылығының кездесуі өтті. Оқиға орнына Stan.kz тілшісі де барып, мән-жайды біліп қайтты.
Ата-аналардың сөзінше, мектепте аутизм, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі және басқа да ерекшеліктері бар балалар білім алады. Олардың кейбірі қарапайым мектепте оқуға қиналады. Сөзінше, балалар осы мектепте бірнеше жыл бойы тегін білім алып келген. Кейбір отбасылар баласына қолайлы жағдай жасау үшін басқа қалалардан Алматыға көшіп келгенін де айтты.
“Мен осы Алматы қаласында ерекше балаларды оқытатын мектеп бар екенін естіп, балам үшін Қызылорда қаласынан көшіп келдім. Сабаққа келгенімізге 1 ай ғана өтті, ал бізге қаржыландыру тоқтатылғаны туралы мәлімдеді. Білмейміз не істейтінімізді. Басқа мектепке барыңыздар дейді. Жай мектепке біздің балаларды қабылдау өте қиын. Өйткені дамуы қалыпты балаларға менің балам білім алуына кедергі жасайды. Сондай-ақ оларға барғанда менің балам буллингке тап болады.Бұл мектептің технологиясы нағыз біздің балаларға керек деп ойлаймын”, – деді Нұрбақыт есімді ерекше баланың әкесі.

Ата-аналар бұл мектепке балаларының ықыласы ерекше екенін тілге тиек етті. Кей ата-аналар балалары басқа мекемелерге апарса, ол жерді бөтенсініп, кірмей қырсығып, есік алдында тұрып алатынын айтты.
"Балалар мектепке қуанып келеді. "Мектепке кешігеміз" деп асығады. Мұнда жаттығу жасап, билеп, ойнап, сабақ оқиды. Балаларға да, ата-аналарға да ұнайды. Енді мектептен шығуға тура келетін жағдай болып тұр", – деді ата-аналардың бірі.
Кей ата-аналар үйге келетін дефектолог немесе логопедтің қолайсыз екенін айтты. Бір ата-ана өз сөзінде мұндай ұсынысты өз тәжірибесінде байқап көргенін де жеткізді.
“Сіз бізге логопед-дефектолог беріледі дейсіз. Мен баламды үйде оқытуға беріп көрдім. Біз логопед-дефектологты 3 ай бойы күттік. Мен ол баланы асырау үшін жұмыс істемеймін бе? Мен 3 ай күттім, мына жерде оны 5 ай, 6 ай күткендер де отыр”, – деді ашынған ана.
Тағы бір ана былтыр ерекше балаларды оқытатын мектеп жабылғанда баласының мінез-құлқы қалай өзгергенін айтып берді. Сөзінше, балада стресс пен ашушаңдық пайда болған.
“Адамдар тіпті менің баламды көріп шошитындай жағдайға жетті. Былтыр ерекше бала басқа баланың бетіне пышақ сұққанын білесіздер, неліктен? Өйткені балада әлеуметтену жоқ. Мен сіздерге талай рет бардым. Сіздердің адамдарыңыз менің жүрегіме тиетін сөздер айтты. Баламды алып барсам, “бұл не бала өзі?”, “мұны неге емдетпейсің?” деген сұрақтар қояды. Ол менің көңіліме тиеді. Мен өзім жалғыз ерекше баламды асырап жүрмін. Мен балам үшін өзімнің істеп жүрген жұмысымнан бас тартып, қазір жалдамалы декоратор болып жұмыс істеймін және өзімнің баламды жұмысқа бірге ертіп жүремін”, – деп мәлімдеді жалғыз басты ана көзіне жас алып.
Жиналыста ата-аналар мектептің ата-анаға өте қолайлы екенін айтты.
Мектеп өкілі не дейді?
Мектеп өкілі ата-аналар жағына шығып, басшылыққа өз наразылығын білдірді. "Педагог академиясы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрым Нұрғалиевтің айтуынша, мектептің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысында нысан 60 орынға есептелген. Оның сөзінше, мектепте 56 бала түзету сыныптарында күнделікті білім алады. Ал 210-нан астам балаға үйде білім алу ұсынылған. Алайда ата-аналардың барлығында үй жағдайында баламен жұмыс істеуге қажетті мүмкіндік болмағандықтан, мектеп оларға қосымша екі ғимаратта білім алуға жағдай жасаған.
"Білім басқармасы үйде оқуға кеңес берілген балалар мектептің жобалық қуатына кіреді деп отыр. Бірақ мұның заңда нақты көрсетілгенін көрген жоқпын. Маған сол заңды көрсетіп, дәлелдесін. Балалар үш жарым жылдан бері осылай оқып келеді. Біздің мектеп ата-анадан қаражат алмайтын жалғыз жеке мектеп. Қалған 70 мұғалімге қалай жалақы төлеймін? " – деді Нұрым Нұрғалиев.
Жиналыс кезінде Білім басқармасының басшысының орынбасары Нұрым Нұрғалиевтің бұл ісі үшін Экономикалық тергеу департаментіне шақырылатынын да тілге тиек етті. Екі тарап осы жағдайдан кейін сөзге келді.

Нұрым Нұрәлиевтің айтуынша, Білім басқармасы санитариялық талаптарға сәйкес келетін 60 балаға ғана қаржы бөлінетінін, мүмкіндік болса, бұл көрсеткіш 120 балаға дейін ұлғайтылуы мүмкін екенін айтқан. Қалған балаларды ақылы негізде оқыту немесе мемлекеттік мектептерге ауыстыру ұсынылған. Сонымен қатар мектептен бөлек орналасқан екі нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу мәселесі де туындаған.
“Балалар білімсіз қалмайды”: Білім басқармасы не дейді?
Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, мәселе 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы өтінімді қарау кезінде туындаған. Ұлттық білім беру деректер қорында "Педагог академиясына" 268 оқушы тіркелген. Оның 56-сы түзету сыныптарында, 212-сі үйде оқитын балалар ретінде көрсетілген. Басқарма сонымен бірге қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес нысанның жобалық қуаты 60 орын екенін хабарлады. Бұдан бөлек, 7 оқушы бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның растайтын құжаттары жоқ, ал 8 баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысының мерзімі өтіп кеткен. Осыған байланысты қосымша тексеру қажет екені айтылды.

Білім басқармасы балалардың білімсіз қалмайтынын мәлімдеді.
"Бюджет қаражаты заңнама талаптарына сәйкес жұмсалады. Балалар оқытусыз қалмайды. Үш шақырым радиуста орналасқан мемлекеттік мектептерде 705 бос орын бар. Әр баланың тұрғылықты жері, оқу тілі және жеке білім беру қажеттіліктері ескеріледі", – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубайұлы.
Оның айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша назар аударылады. Ал ата-аналар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жасап, үйде оқуға кеңес берілген балаларды мектептің жобалық қуатына енгізбеу мәселесін қарауды сұрады.
Әйел 20 мың теңгені ұсақтау үшін 2 500 теңге комиссия ұстаған қазақстандық банкке шағымданды