ҰҚК полковнигі Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеді
ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін ҰҚК 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайберген, іс бойынша басқа да күдіктілердің қозғалған қылмыстық іс бойынша соттың үшінші отырысы өткізіліп жатыр.
Полковник Ысқақов бүгін өзінен жауап алғаннан кейін бір жарым жылдан соң оның жауаптары құпияландырылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл қадамға тергеу органдары Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің рөлін жасырып қалу үшін жасаған.
"Олар Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтпауым үшін осыған барып отыр", – дейді Руслан Ысқақов сотта сөйлеген сөзінде.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының жедел штабын ҰҚК Алматы департаментін басқарған Нұрлан Мәжілов басқарғанын жеткізді. Ысқақовтың өзі сотқа ҰҚК Алматы департаментіндегі уақытша қамау изоляторынан ZOOM арқылы қатысып отыр.
Еске салайық, Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды.
Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды.