Студенттер білім грантынан айырылуы мүмкін: 2020 жылы ҰБТ ережелері қалай қатаңдатылды?
Егер ҰБТ тапсыру түсірілген бейнежазбада талапкер тыйым салынған заттарды қолданғаны әшкере болса, білім гранты қайтарып алынады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің жаңашылдықтарына тоқталсақ, бақылау шаралары күшейтілді. Егер ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар, яғни смартфондар, жазба қағаздары және басқа да құралдар табылса, онда тестіленуші емтиханға жіберілмейді. Кез келген адам ҰБТ-ның өтуі барысын көре алады. Көрсетілім сілтемесі ҰБТ жақындағанда жарияланады", - деді орталық басшысы.
Айтуынша, ҰБТ барысын кез келген адам бақылай алады екен.
"Барлық бейнежазбаларға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда, яғни көшіру немесе басқа да әрекеттер байқалса, тестілеу нәтижелері жойылады. Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін. Әр адам ҰБТ өту барысын бақылай алады және ереже бұзу анықталса, дереу Ұлттық тестілеу орталығына хабарласуға болады", - деп қосты Дидар Смағұл.