Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімі жарияланды
Фото: olympic.kz
Вячеслав Ким 2025 жылғы Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингісіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Рейтингте Тимур Турлов бесінші орыннан екінші орынға, Владимир Ким төртінші орыннан үшінші орынға көтерілсе, ерлі-зайыпты Тимур мен Динара Құлыбаевтар екінші орыннан төртінші орынға төмендеді, Болат Өтемұратов алтыншы орынды иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рейтингтегі алғашқы алтылықтың байлығы бір жылда 7,2 миллиард долларға өсіп, 27,6 миллиард доллар болған. Вячеслав Кимнің капиталы 5,8 миллиард доллардан 7,1 миллиард долларға дейін артқан. Кәсіпкер Kaspi.kz финтех компаниясының 21,3% акциясына иелік етеді. Сонымен қатар оның “Алсеко” және ELTOP Soft IT-компанияларында, коммуналдық төлемдерді қабылдайтын “Астана-ЕРЦ” және “Позитив Инвест” мұнай компаниясында үлесі бар. Ким - Magnum Cash Carry сауда желісінің соңғы бенефициары.
Freedom Holding Corp. корпорациясының басшысы Тимур Турловтың байлығы 3,3 миллиард доллардан 5,8 миллиард долларға өскен. Freedom холдингінің құрамына “Фридом Финан” брокерлік компаниясы, осы аттас банк және екі сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн супермаркеті және Freedom Travel әуе билеттері қызметі сияқты компаниялар кіреді. Сондай-ақ Freedom Drive автошиналар дүкені, Freedom Mobile техникалар мен аксессуарлар дүкені, концерт, кино және басқа да іс-шараларға билет сататын Freedom Ticketon, Freedom Telecom телекоммуникациялық компаниясы және Freedom Media онлайн кинотеатры кіреді.
Владимир Кимнің байлығы 3,6 миллиард доллардан 5,7 миллиард долларға артқан. Оның KAZ Minerals компаниясы Павлодар облысындағы Базшакөл, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен орнында, Шығыс Қазақстан облысындағы үш жерасты кенішінде және Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кенішінде кен өндіреді. Владимир Ким Bank RBK акцияларының бақылау пакетіне ие.
Тимур мен Динара Құлыбаевтардың байлығы бір жылда 300 миллион долларға артып, жалпы 5,3 миллиард долларға бағаланып отыр. Ерлі-зайыптылар “Алмэкс” холдингі арқылы Қазақстандағы ең ірі банк – Halyk Bank-ке иелік етеді. Құлыбаев бұған қоса құрамына "Каспий Нефть", “Шұбаркөл Премиум” және "Кристалл Менеджмент" кіретін Joint Resources холдингін бақылайды. “Кипрос” арқылы Viled, Emdeu, PetroRetail, "Қамқор Менеджмент" және "Бахус" компанияларының үлесіне ие.
Болат Өтемұратов Қазақстанның ең бай адамдары рейтингінде алтыншы орында тұр. Оның капиталы 2,7 миллиард доллардан 3,7 миллиард долларға дейін өскен. Өтемұратов ForteBank-тің негізгі акционері болып саналады, RG Gold және"КаР-Тел" (Beeline Қазақстан) компанияларында үлесі бар, сонымен қатар Астана мен Венадағы Ritz-Carlton, Мәскеудегі The Carlton және Ақмола облысындағы Rixos Borovoe қонақ үйлерін басқарады.
Forbes басылымының жазуынша, рейтингке қатысушылар активтерінің жалпы құны бойынша анықталған. Компаниялар консервативті принцип бойынша бағаланған. Аудиттелген қаржылық есептілікті ұсынбаған компаниялардың шығындары 50% төмендетіліп алынған. 110 кәсіпкерден тұратын ұзын тізімнің ішінен 75 кәсіпкер қысқа тізімге енген.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
