Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

VIP схемалар мен бонустық ұсыныстарға тыйым қажет”: Депутат Аманжол Әлтай құмар ойындарға қатаң шектеу енгізуді ұсынды

Аманжол Әлтай құмар ойындарының маркетингіне қатаң шектеулер енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек,  құмар ойындардағы VIP схемалар мен бонустық ұсыныстарға тыйым салу мәселесін де көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат бұл туралы мәжілісте өткен ойын және лотерея бизнесі туралы отырыста мәлімдеді.

Оның айтуынша дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде "лудоман" ұғымын мойындағанымен, біздің елдегі ешбір заңда, кодексте бұл ұғым айқындаламаған. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі "лудоман" анықтамасын ұғымдық аппаратқа енгізу мәселесін пысықтауы қажет.

“Сондай-ақ құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды емдейтін Оңалту орталықтары үшін лицензиялау жүйесін әзірлеу маңызды. Бұл оңалту мекемелеріндегі сапа стандарттарын қамтамасыз етуге және емдеу нәтижелері мен оңалту бағдарламаларының тиімділігін бақылауға жол ашатын мониторинг жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бүгінгі таңда БАҚ-та идеологиялық және ақпараттық жұмыстар жеткіліксіз жүргізіліп жатыр”, - деді ол.

Аманжол Әлтай БАҚ, әлеуметтік желілер, жастар ресурстық орталықтары және басқа платформалар арқылы құмар ойындардың зияны туралы ағартушылық, тәрбиелік ақпараттарды дамытып, тарату қажеттігін ұсынды.

“Анықталған интернет-казинолар, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушылар туралы ақпаратты қарау мерзімін қысқарту және "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі арқылы оларға қол жеткізуді шектеуді пысықтау қажет. Тәуелділіктің жоғары қауіптілігіне байланысты құмар ойындарының маркетингіне қатаң шектеулер енгізу өте маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, интернет желісінде бонустық ұсыныстарды пайдаланатын клиенттер жоғары тәуекелді құмар ойындардың арбауына көбірек ұшырайды. Онлайн VIP схемалар мен бонустық ұсыныстарға тыйым салу қажет”, - деп есептейді мәжілісмен.

Депутат атап өткендей, Қазақстанда лудоманиядан зардап шегетін адамдардың ми белсенділігін анықтауға бағытталған зерттеулер жоқ. Ал бұл бұзылыстың физиологиялық аспектілерін, яғни допаминдік жүйені және тәуелділік процесін анықтайтын шетелдік зерттеулер белсенді дамып келеді.

“Ойын индустриясын тиімдірек бақылауға және реттеуге, құмар ойындарға тәуелділіктерін азайтуға және осы саладағы заңсыз операцияларға қарсы тұру мақсатында Әділет министрлігіне төлем ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктерге лицензияланбаған интернет-казинолардан, букмекерлерден және ұқсас ойын мекемелерінен төлем қабылдауға тыйым салатын заңнамалық өзгерістер енгізу ұсынылады. Борышкер азаматтардың бірыңғай тізіміне енгізілген адамдармен қоса алименттен жалтарғандарға да құмар ойындар мен ставкаларға қатысуға шектеулер енгізуді ұсынамын”, - деп айтты депутат Аманжол Әлтай.

Оған қоса, азаматтардың ұялы телефондарына үнемі келіп түсетін құмар ойындарға итермелейтін SMS-хабарламалар туралы шағымдар жиі түседі. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ел азаматтарына осындай таратылымдарды шектеу мәселесін қолға алуы тиіс екенін атап өтті.


 

Талқылау