Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Видеоға монтаж жасалған": Алматы облысының бас санитарлық дәрігері өзінің әрекетін түсіндірді

Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов әлеуметтік желілердегі резонансты бейнежазбаға түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews басылымына сілтеме жасап.

Ерғали Сыдыманов 12 тамызда сауда үйінің сатушылары Алматы облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ғимаратының қақпасына келгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұған дейін олар жұмысқа рұқсат беруді сұраған болатын, өйткені 3 тамыздан бастап азық-түлік дүкендерінен басқа барлық дүкендердің қызметі тоқтатылған-ды.

"Бұл туралы біліп, мен бірден көшеге шықтым. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың қандай екенін түсіндіріп, кәсіпкерлерге олардың жұмысын уақытша тоқтату себептерін түсіндірдім. Әңгіме авто бөлшектер дүкендерінің ашылуы туралы болды. Олар 2 тамыздағы № 23 қаулы бойынша жабылды. Біздің басты мақсатымыз – вирустың таралуын болдырмау", - деп түсіндірді Сыдыманов.

Сондай-ақ, санитарлық дәрігер әлеуметтік желілерде жарияланған резонанстық бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді.

"Бейнежазба маған түсініксіз себептермен монтаждалған, әңгіменің негізгі мағынасы да өзгертіліп көрсетілген. Мүмкін, кейбір сөздер өткір айтылған шығар, бірақ мен кәсіпкерлерге олардың жұмысын уақытша тоқтата тұру себептерін жеткізуге тырыстым. Барлық жағымды сәттер мен кәсіпкерлермен әңгімелесудің өзі кадрдан тыс қалған. Біз ортақ бір шешімге келдік, нәтижесінде бәрі риза болып, карантиннің әлсіреуін күтуге шешім қабылдады", - деді ол.

Сыдыманов Денсаулық сақтау министрлігіне түсініктеме хатын жібергенін айтты.

"Егер олар мені жазалауға лайық деп тапса, қандай жазаныда көтеріге дайынмын", - деді ол.

Ерғали Сыдыманов мұндай кездесулерге одан әрі де шығуға, адамдарды тыңдауға және халықтың мәселелерін шешуге дайын екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазір облыс әкімдігімен бірлесіп карантин режимін кезең-кезеңмен әлсірету туралы жаңа қаулы дайындауда.

Талқылау