Вице-премьер автонесие бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады дегендерге жауап берді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрт проценттік автокредит бағдарламасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін үкімет отырысынан кейін журналистер өткен аптада басталған автонесие бағдарламасына қатысты мәселені көтерді.
Тіпті, ол бастама сәтсіздікке ұшырады деген пікір бар.
"Мен онымен үзілді-кесілді келіспеймін. Бағдарлама сәтсіздікке ұшыраған жоқ. 10 мың кредит және 10 мың көлікті халық бәрібір алады. Иә, бір күнде емес, бірақ қысқа уақыттың ішінде болады. Сондықтан бағдарлама сәтсіздікке ұшырады деп айтпай-ақ қояйық", - деді Скляр.
-
"КАСКО сақтандыру жүйесін сатып алу қажет": 4 проценттік автокредит бойынша тағы бір талап енгізілді
Осы орайда вице-премьер бұған дейін айтқан сөзін түсіндірді. Скляр бағдарлама шарттарын жариялағанда 100 миллиард теңгеге 71 мыңнан астам адамды көлікпен қамтамасыз етуге болады деген.
"Осы ақшаға 10 мың адам автокредит алады. Одан кейін олардың ай сайын жасайтын төлемдері есебінен басқа адамдарға да кредит беріледі. Осылайша, бөлінген қаржы револьверлік жүйемен айналады. Үш айдан кейін қайта қаржыландыру басталады", - деп атап көрсетті Скляр.