Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"КАСКО сақтандыру жүйесін сатып алу қажет": 4 проценттік автокредит бойынша тағы бір талап енгізілді

ОҚК-да өткен брифингте "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди 4 проценттік автокредит бойынша рәсімделетін көліктерді сақтандыру ережесінің өзгергенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгінде жеңілдетілген автокредит бойынша рәсімделетін көліктерге міндетті түрде КАСКО сақтандыру жүйесін сатып алу қажет.

Оны бірден төлейді. Мәселен, автокредит жеті жылға алынса, осы уақытқа КАСКО-ны да рәсімдеу керек. Оның шығыны аз емес.

"Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әдидің айтуынша, сақтандыру төлемдерін кредитпен бірге бөліп төлеуге рұқсат берілді. "Бас кезінде автокредит жеті жылға берілсе, КАСКО-ны да сол жеті жылға төлесін деген талап болған. Оның құны автокөліктің бағасына қарай 1 миллиондай шығады. Келіссөздердің нәтижесінде КАСКО-ны жеті жылдың ішінде жыл сайын төлеуге мүмкіндік беріліп отыр", – деді Әди орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, КАСКО алып тастауға болмайды. Себебі жол-апатынан көлік жүрмей қалса, шығынды өтеуге мүмкіндік бар. 

"Біз оны қосымша құн ретінде қабылдадық. Негізі ол қосымша құн емес, көлікті сатып алған адамды сақтандырудың бір жолы. Ертең қандай жағдай болатынын ешкім білмейді ғой. Жол-көлік оқиғасы бар, автокөлікті біреу бүлдіріп кетсе, тағы шығын шығады. Ал көлік жүрмей тұрса, кредиттің қарызы жүре береді ғой. Сол кезде КАСКО-ның үлкен көмегі болады. Сондай-ақ КАСКО автокредит жеті жылға алынса, бірден төлемесе де болады. Әр жылға бөліп төлеуге мүмкіндік бар", – деп атап көрсетті Әди.

Айта кетсек, бүгінгі таңда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы 34 қазақстандық көлік сатып алған. 

"Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваның айтуынша, бағдарлама басталғаннан сәттен бері 14 507 өтінім қабылданған. 

Оның ішінде 4 834 жеке тұлғаға 35,7 млрд теңге мақұлданды. 34 көлік сатып алынды: Нұр-Сұлтан – 11, Алматы – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 1, Батыс Қазақстан облысы – 1, Жамбыл облысы – 4, Павлодар облысы – 4, Шымкент – 6 автомобиль", – деді Жанар Ибрашева.



Қазіргі уақытта өтінімді "Банк ЦентрКредит", "Еуразиялық банк", "Халық банк" арқылы беруге болады. Бүгіннен бастап бұл тізімге "Forte Bank" қосылады.

Бұдан бөлек 20 мамырда Еуразиялық банк жеңілдетілген автокредит бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты.

Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарлама іске қосылған төрт күн ішінде бөлінген мемлекеттік лимит таусылып қалған. 

16 мамырдан бері 9 мың өтінім қабылданды. Банк келесі транш бөлінгенде өтінім қабылдауды қайта іске қосатынын мәлімдеді.

Талқылау