Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-анамның 6 баласы бар": Еңбек вице-министрі көпбалалы отбасыларды қолдау туралы сауалға жауап берді

Фото: t.me/ukimet_points

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ата-анасы ешкімнен кем қылмай, алты баланы тәрбиелеп өсіргенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл кез келген жанұяның қиын жағдайда да балаларды асырай алатынының дәлелі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министр көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары мен Батыс Қазақстан облысында ата-анасы жұмыс істеп жүргенде қаза тапқан бес баланың өліміне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол көпбалалы отбасыларға қатысты ұстанымын жеткізді. 

Қазақстанның әлеуметтік саясаты

Брифингте журналист вице-министрден Қазақстандағы әлеуметтік саясатқа не жеткіліксіз екенін сұрады. Сондай-ақ демографиялық саясатты дамытып жатқан көпбалалы отбасыларға мемлекет неліктен қолдау білдірмейтінін сұрады. Ал Еңбек вице-министрі Виктория Шегай бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.  Оның айтуынша, мемлекет қазір өз мойнына алған барлық міндетті тиісінше орындап жатыр.

"Бюджетте қаржы жетіспегендіктен жәрдемақы төлемдері тоқтатылды немесе төленбеді деген фактілер жоқ. Сонымен қатар жыл сайын бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қамтамасыз етуге 1,7 триллион теңге бөлінеді", – деді вице-министр.



Вице-министрге журналистер тарапынан 500 мың теңгеге бес баланы асырап, өсіру мүмкін бе деген сауал қойылды. Виктория Шегай Батыс Қазақстан облысындағы қайғылы жағдай болған отбасыны мысалға келтірді. 

"Отағасы шамамен 190 мың теңге табыс тапқан. Әр отбасы мүшесіне шаққандағы орташа табыс шамамен 47 мың теңге. Отбасы қосымша көмек сұрамаған. Егер олар осы қаражатпен өмір сүріп келсе, демек, мүмкін болғаны ғой", – деді вице-министр.

Виктория Шегайдың жеке бас оқиғасы

Журналист вице-министрден, ай сайын 47 мың теңгеге отбасын асырай алар ма едіңіз, деген сауал қойды. Сол сәтте Шегай өз отбасын мысалға келтірді.  Айтуынша, ол да көпбалалы отбасынан шыққан.

"Бұл жерде мәселе ата-аналардың шешім қабылдауына келіп тіреледі. Мен көпбалалы отбасында өстім. Анам алты баланы дүниеге әкелді. Ата-анам да басқалар секілді жұмыс істеді. Құдайға шүкір, олар бізді білім, тамақ және басқа да қажеттілікпен қамтамасыз етті. Өзім де үш баланың анасымын. Кез келген ата-ана бұл өмірге бала әкелген соң, оның болашағы үшін барынша жақсы жағдай жасауға тырысады. Сондықтан бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді ол.

Журналист 2019 жылы Ситердегі апалы-сіңлілер көз жұмған қайғылы жағдайды мысалға келтірді. Сол сәтте Светлана Жақыпованың ата-аналардың түнде жұмыс істеуі олардың өз таңдауы деген пікір білдіргенін айтып, вице-министрдің бұл жауапқа көзқарасын сұрады. Алайда сауалға вице-министр нақты жауап бере алмады. 

Айта кетейік, Жақыпова бұл брифингке қатыспаған. Ал Виктория Шегай вице-министр лауазымына небәрі бір күн бұрын ғана тағайындалған.

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бір отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі бес бала көз жұмғанын жазған едік. Көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған.

Жымпиты ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ресми мәлімдеме жасады. Ол қаза тапқан балалардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін айтты.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 17:09
Талқылау