Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вейп сатпақ болған қазақстандыққа қылмыстық іс қозғалды

Өскеменде вейптерді таратуға тырысқан тұрғынға қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Ақпаратты қала прокуратурасы растады. Ресми деректерге сенсек, сотқа дейінгі алғашқы тергеу 23 маусымда басталған.

"Оларды тарату үшін әлеуметтік желілерде жарнама жарияланған. Төлем банк қосымшасы арқылы қабылданған", – деп хабарлады Өскемен прокуратурасы.

Ведомство темекі өнімдерін электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларды хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салынғанын және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. 



"Сатушыға 200 АЕК (738 400 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жаза қолданылады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды", – деп хабарлады Өскемен прокуратурасы.

Еске салсақ, 20 маусымнан бастап Қазақстанда вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды.

Талқылау