Үйлену тойлары футбол стилінде өткен қазақстандық жұп қоныс тойын тойлады
Белгілі футболшы Әлішер Келгенбай мен блогер Ұлдана Жиенқұлдың ерекше стильде өткен тойларының видеосы желіні шарлап кеткен болатын. Көп ұзамай олар жаңа үйге қоныс аударып, оқырмандарына рум-тур жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерекше стильде өткен тойды қалың көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Отбасылық өмірлері қонақ күтіп, құран оқытумен басталғанын блогер келін айтып берді.
“Келіншай беріп жатырмын. Көп қонаққа арналған дастарханды бірінші рет жайып тұрмын. Өзгеше тамақ пісіріп, қонақ күткенді жақсы көремін. Әр қонақты сыйлықсыз қалдырмаймын. Бірақ үй жинап, ыдыс жуған ұнамайды. “Жақсы келін” образын жасамаймын. Жаныма ұнайтын үй тірліктерімен ғана айналысамын. Үй жинап, ыдыс жуатын адамдарым бар”, – деп отбасылық өмірінің бір күнін жіпке тізді.
Алматының ең қымбат ауданында тұратын жас отау иелерінің шаңырағын зәулім сарайға ұқсатып жатқандар көп. Оқырман терезеден The Ritz-Cаrlton бизнес орталығының қол созым жерде тұрғанын байқаған.
Еске салсақ, үйлену тойында қалыңдық көйлегіне "Real Madrid-тің", ал күйеу жігіт "Barcelona" футбол клубының логотипін жапсырып шығып, “Жас жұбайлар” әнінің орнына "Чемпиондар лигасының" әнұранымен шыққан болатын. Жас жұбайлар тойдағы тортты да әлемдік футбол тақырыбында жасатқан. Күйеу жігіттің айтуынша, тойдың ерекше стилде ұйымдастырылуының мақсаты – қос футбол командасының жанкүйерлерін бірлікке шақыру.
Айта кетейік, қалыңдық сымбатына қатысты қауесетке де нүкте қойған.
“Әлішермен танысқанда салмағым 90 келіден жоғары болды. Оның фитнес-тренер екенін білмедім. Ол менің тәніме емес жаныма ғашық болды. Қазір арықтау үшін біраз тер төгіп жатырмын. “90-60-90” болатыным анық. Кейбір оқырмандар операциямен арықтады деп сенбей жатыр екен. Табиғи жолмен салмақ тастап жатырмын”, – дейді блогер келін.