Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйдің шатырына шығарып зорлады": Оралдық әйел Сирияда болған күндері туралы

«Жусан» операциясымен жуырда елге қайтарылған оралдық Динара Ескендірова Шам елінде бастан өткерген жантүршігерлік жағдайлар туралы айтты. 2014 жылы Ресей-Түркия әуежайы арқылы Сирияға кеткен келіншек соқыр сенімге еріп, оңбай алдандым дейді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Сирия

Динараға интернет арқылы жолды түсіндіргендер оның жеңіл өмір сүруі үшін күйеуге тиюі қажет екенін айтқан. 

«Мен  елден 2014 жылдың қыркүйек айында кеттім. Ол жаққа жалғыз шықтым. Бірақ жолға шығар алдында интернет арқылы, ислам мемлекетіне қарасты деген сайттан сапар туралы ақпарат алмастым. Олар маған жолдың ауыр болатынын және жалғыз шықпауымды айтты. Түркияға дейін мен жалғыз бардым да, Түркияда ДАИШ әскерінің құрамындағы, кавказдық жігітке  тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен интернет арқылы танысып, онлайн да ғана бір-біріміз туралы ақпараттар сұрастық. Содан кейін мен оған тұрмысқа шығуға келісім беріп, екі күннен кейін Сирияда болдым», - дейді ол. 

Бүгінде екі рет тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанған келіншектің бірінші күйеуі төрт айдан кейін соғыс аумағында көз жұмған. Жесір қалған келіншек өзіне көптеген әділетсіздік жасалды дейді. 

«Ол жаққа барғаннан кейін, күйеуім төрт айдан соң қайтыс болды. Жесір қалғаннан кейін, көптеген қиындыққа ұшырап, олар айтып жүрген ислам мемлекетінің қандай екенін біле бастадым. Әділетсіздіктер өте көп болды. «Макар» деп аталатын үйде 10-15 әйел, бала-шағамызбен бірге тұрдық. Жуынатын бөлме, ас үй бәрі ортақ. Әйел көп болған соң, ұрыс-керіс те көп болды. Сондай кездерде бізді қамап тастап, ешқайда шығармайтын. Базарға барғың келе ме, кезекпен, өздері көлікпен алып барып, алып келеді. Бұдан көбірек еркіндікті қаласаң, күйеуге шық деп айтады. Амал жоқ күйеуге шығуға тура келеді. Әйелдерге интернетке кіруге тыйым салынған, тек ерлер ғана кіре алады. Әйелдер тек діни сабақтарға ғана бара алады.  Мен тек соқыр сенімнің соңынан ердім. Ненің ақиқат, ненің жалған екеніне бас қатырмадым. Осындай ислам мемлекеті бар, ұлы жер дегенге алданып, кеттім де қалдым», - деп ағынан жарылды ол. 


"19 рет тұрмысқа шығасың, әйтпесе өлесің": Сирияда болған қазақстандық әйелдің әңгімесі >>>

Динара онда әйелдерден бөлек, кішкентай бүлдіршіндердің зорлық көретінін жасырмады. Айтуынша, ұл балаларға арналған мектептер де педофилдер мен гомосексуалистер бар. 

«Ұл балаларға  арналған мектеп «Муаска» деп аталатын. Онда оқушылар екі апта шариғат курсын өтеді, ал қалған уақытта болашақ әскерлер ретінде жаттығады. Бір күні менің құрбымның сол мектепте оқитын 6 жастағы інісі  15 жастағы әпкесіне сондағы сұмдық жағдайды жеткізіп көрді, бірақ әпкесі оны түсінбейтін. Шыдамы шегіне жеткен балақай бір күні  жылап келіп, өзін үйдің шатырында ересектердің зорлағанын айтты. Менің құрбым ол балаларды шариғат заңы бойынша жазалатуға тырысқанмен, жасөспірімдердің бірі - 12, енді бірі - 14 жаста болғандықтан, оларға тек дүре соқты. Ол балалар гомосексуализмге үйреніп қалған», - деді ол. 

Діни білімінің аздығынан адасқан келіншек қазақстандықтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. 

«Жер бетінің ешқандай жерінде ислам мемлекеті жоқ. Сіздер сондай жалған ақпаратқа сеніп қалмас үшін, білім жинаңыздар», - дейді оралдық Динара Ескендірова.

Естеріңізге сала кетсек, осы күнге дейін министр Дәурен Абаевтың Сириядан елге 524 қазақстандықтың оралғаны туралы айтқанын хабарлаған едік. Солардың ішінде 357-сі балалар екені айтылды. 

Талқылау
Пікір
Айжан
16 Мау, 20 жыл - 13:07

Енди Ол кайда бара жатканын билди емеспе, согыс болып жаткан елде кандай керемет омир болсын, кеткен адамдардын Оз обалдары оздерине, негизи елге кайтарганына мен кармы едим, бирак деген соз бар....