"Үйде билеп беремін": Ерке Есмахан орындалмаған арманын айтты
Танымал әнші Ерке Есмахан бала күнінде орындалмаған арманын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Өнер иесі оқырмандардың сұрағына жауап беріп, бала кезінен сыр шертті.
“Кішкентай кезімде аяғымның ұшымен жүретінмін, тоқтамай. Әкеме балерина боламын дедім. Онымен біз Ақтөбенің ар жағында ауылда тұрдық. Ауылда балет мектебі жоқ болды. Одан скрипка үйренемін дедім. Ауылда өнер мектебінде скрипка бөлімі болмады. Домбыра мен қобыз ғана болды. Сөйтіп 2-сыныптан 5-сыныпқа дейін домбыра үйрендім. Домбыраға қарағанда әншілігім басым екенін байқап, әрі қарай колледжде вокал бөлімінде оқыдым. Орындалмай қалған арманым болғандықтан, театр, балетке барғанды жаным сүйеді. Райым мені "балерина моя" деп еркелетеді. Үйде билеп беремін", – деп жауап берді әнші.
Сонымен қатар “Райымды қалай қаратып алдыңыз?” деген сұраққа өнер иесі ренішін жеткізіп, жауап берді.
“Қыздар, неге өз бағаларыңыз төмен. Неге жігітті қыз қарату керек. Мейлі, ол үлкен, жас, атақты, бай болсын. Неге өз құндылықтарыңызды өздеріңіз түсіресіздер?! Осындай сұрақ қоятын қыздарды аяймын. Біз 2018 жылы таныстық. Арамызда сезім пайда болды. Уақыт өте келе бір-бірімізден алшақтағымыз келмейтінін түсіндім. Міне, қосылып, жанұя болдық. Бұл өмірде Алланың қалауынсыз бір жапырақ та жерге түспейді. Сондықтан қыздар! Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді” деп өмір сүріңіздер!”, – деп жазды эстрада жұлдызы.
Еске салайық, өнер иесі өзгені тілдеп, балағаттайтын адамдар туралы жазбасы көпшілікті ойландырған еді.