"Үш жақты газ одағы": Тоқаевтың баспасөз хатшысы Путинмен өткен келіссөз барысында қандай мәселе талқыланғанын айтты
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің мәскеуде "үш жақты газ одағын" құру мәселесін талқылағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Руслан Желдібайдың сөзінше, БАҚ-тан мемлекет басшысының Мәскеуге сапарына қатысты бірнеше сұрақтар келіп түскен.
"Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн", – делінген хабарламада.
Оның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды.
Айта кетейік, 28 қарашада Тоқаев Мәскеуге ресми сапары барысында Владимир Путинмен кездесіп, дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойған еді.