"Көлігім аса қымбат емес": Қаржы вице-министрі меншігінде қандай мүлкі декларацияланғанын айтты
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистерге қандай мүлкі бар екенін жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шенеуніктің айтуынша, оның үш бөлмелі пәтері мен көлігі бар.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңының 11-бабы бойынша, саяси мемлекеттік қызметшілер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап табыс декларациясын жариялау керек. Өзім туралы айтсам, негізгі декларацияда жеке меншігімдегі үш бөлмелі пәтерді, автокөлікті көрсеттім. Көлігім аса қымбат емес. 2017 жылғы BMW көлігі. Үстімдегі костюм – қазақстандық өнім. Тіпті лейблін көрсете аламын. Аяқ киімім де қазақстандық. Пәтерімнің ауданы – 74,5 шаршы метр. Оның нарықтық құнын қазір білмеймін. Мен декларацияда оның нөмірін, мекенжайын ғана көрсеттім. Оны салықты есептейтін уәкілетті орган бағалайды. Бұл салықты жыл сайын төлеп тұрамын", - деді Біржанов.
Айта кетейік, бұған дейін Ержан Біржанов карта арқылы жасалатын төлемдерді қабылдаудан бас тартқан сатушылар қалай жазаланатынын айтты.