Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үндістан болып жатыр": Алакөлдегі демалушылар санының көптігі жұртты таңдандырды (видео)

Алакөлдегі демалушылар саны
Фото: Видеодан скриншот

Желіде Алакөл жағалауындағы демалушылар санының көптігі қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеоны Instagram желісінің ainar.sk қолданушысы жариялады. Кадрлардан танымал демалыс орнында адам өте көп екенін көруге болады.

Видео авторы демалушылардың нөпірін Үндістанмен салыстырған. Кадрларға қарағанда, жағажайда ине шаншар орын жоқ.

“Алакөл Үндістан болып жатыр. Адам деген көп. Мумбай, Үндістан, Дели болып жатыр”, – дейді видео авторы. 

Алайда желі қолданушыларын демалушылардың көптігінен бұрын басқа мәселе алаңдатқан. Пікір жазғандардың көбі мұнша адамға санитарлық жағдай қалай жасалғанын, әсіресе дәретхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұраған.

Үш жыл бұрын барғанмын. Суда лас нәрселер қалқып жүрді. Оны көрген соң, сол күні-ақ кетіп қалдық. Дәретханаға бару үшін әр сағат сайын 500 метр жердегі нөмірімізге барып жүрдік. Қасымызда отырған адамдар күні бойы бір рет те дәретханаға барған жоқ, бірақ таңнан бері тамақ жеп отырды. Ол кезде жағалауда дәретхана болмаған. Енді ол жаққа тегін десе де аяқ баспаймын”, “Дәретхана бар ма өзі? Әлде Ганг өзені сияқты ма?”, “Алла сақтасын, қанша адам! Үндістанға күлеміз, өзіміз де қаптап жүрміз ғой”, – деп жазды олар.

Тағы бір қолданушы жағалаудағы тазалық пен санитарлық жағдайға алаңдап, “көлдің ластануынан қорқып отырмыз” деп пікір қалдырған.

Өзге пікір иелері де “Ең лас жер болып тұр ғой”, “Дәретхана бар ма?”, “Мұнша адам суға түсіп жатқанда санитарлық талап қалай сақталады?” деген сауалдар қойған.

Айта кетейік, Алакөлге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы орналастыру орындары 1,7 миллионнан астам демалушыны қабылдаса, былтыр бұл көрсеткіш 1,8 миллион адамға жеткен.

Бизнес пен туризмді қолдау бөлімінің бас маманы Тасқын Бекмырзаның айтуынша, биыл туристер саны тағы да өсуі мүмкін.

“Осы маусымда Алакөл екі миллионнан астам демалушыны қабылдайды деп жоспарланып отыр”, – деген еді ол.

Ал Туризм басқармасының мәліметінше, қыркүйекте Қабанбай ауылы мен жағалауды бас жоспар аясында бір туристік аймаққа біріктіру мәселесі белгілі болады. Егер жоба іске асса, биылдың өзінде демалушылар ағыны 10 мың адамға артуы мүмкін. Ал 2026 жылғы маусымда инфрақұрылымды ішінара жаңғыртудан кейін күн сайынғы туристік ағынды қазіргі 20 мыңнан 30 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жаңа бас жоспар бекітілсе, жағалау аумағы 3 мың гектарға дейін кеңейіп, курорт тәулігіне 75 мың адамды қабылдай алатын деңгейге жетеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 18:30