Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"100 келі қапты көтеріп шығару үшін 700 теңге береді": Ер адамның ауыр жүк көтерген видеосы желі қолданушылардың жүрегін елжіретті

Түркістандық 55 жастағы Ертұған Тілеуов – жүк тасушы. Оның ауыр жүкті баспалдақпен көтеріп келе жатқаны көрсетілген видеосы TikTok-та 500 мыңнан аса қаралып, желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Қазақстандықтар ер адамның күнделікті ауыр жүк таситынын көріп, 400 мың теңге жинап берген екен. Stan.kz Ертұған Тілеуовке хабарласып, неліктен осы жасында мұндай ауыр жұмыс істеп жүргенін сұрады.

Фото: Видеодан скрин

“Үлкен қапты көтеріп шығару үшін 700 теңге аламын”

Ертұған Тілеуов 2013 жылдан бері Түркістандағы "Қуаныш" базарында жүк тасушы болып жұмыс істейді. Бұған дейін ер адам электрик болып еңбек еткен. Алайда сол жылы жұмыс барысында ауыр жарақат алып, екі қолын сындырып алды. Осы жағдайдан кейін жұмыстан шығып, жарты жылдай ем қабылдауға мәжбүр болған.

"Қолымды сындырып алған соң амалсыздан жұмыстан шығып, алты айдай ем-дом қабылдауға тура келді. Жазылып шыққаннан кейін отбасымды асырау үшін жүк тасушы болып жұмысқа кірістім. Бес балам бар. Балаларым үнемі "ауыр жұмыс істеме, денсаулығыңды күт" деп айтады. Бірақ әркімнің өз өмірі, жауапкершілігі бар. Оларды міндеттеп, ауыртпалық салғым келмейді. Менің қолымнан келетін жұмыс – осы. Бала кезден еңбекке үйренген адаммын", – деді Ертұған Тілеуов.

Ер адам көп жылдан бері осы кәсіпке дағдыланып қалғандықтан, басқа жұмысқа ауысу ойында жоқ екен.

"7-сыныптан бастап ауыр жұмыстар істеп, тіршілікке ерте араластым. Өзім Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келіп, сонда өстім. Кейін, 1999 жылы жұмыс іздеп, Түркістанға көшіп келдік. Түркістан – рухани қала. Бұл жердің адамдары ерекше – мейірімді, жанашыр, бір-біріне қамқор. Осында тұрып, еңбек етіп келе жатқаныма еш өкінбеймін. Бұл жұмысқа әбден үйреніп қалдым. Басқа жұмысқа ауысу туралы ойланбаймын да", – деді Ертұған Тілеуов.

Ертұған Тілеуовтің жұмыс кестесі таңғы 06:00-де басталады, кейде кешкі 21:00-22:00-ге дейін жалғасады. Тауар келген кезде орталық базарға жеткізіп тастайтын көрінеді.

"Күніне 70-100 келі жүк көтеремін, кейде одан да ауыр жүктер түседі. Кейде жеңіл тауарлар да келіп жатады. Бір үлкен қапты көтеріп шығару үшін 700 теңге беріледі. Бізге Құдай беріп тұрған несібеміз – осы. Шүкір етеміз. Жақында бір жағдай болды. Халықтың маған көмектесетінін естігенде алғашында сенген жоқпын. Бірақ жиналған қаржыны көргенде, толқып кеттім, көзіме жас келді. Осы уақытқа дейін ешкім маған бұлай көмектеспеген еді. Бұрын Каспи банкке несием бар еді. Берешек уақытында төленбегендіктен, шотым бұғатталып, арестке түскен. Сол түскен қаржының 400 мың теңгесін бірден несиені жабуға жұмсадым. Қалғанын басқа қарыздарыма бердім. Денсаулығымды сұрайтындар көп. Құдайға шүкір, белім ауырмайды. Бала кезден еңбекке жақын болғандықтан, жұмысқа бейімделгенмін. Біз үшін ең бастысы – адал еңбегімізбен тапқан нанымыз. Алла берген несібемізге шүкір етеміз", – деді Ертұған Тілеуов.

“Видеосы таралып кетеді деп ойламадым

Нағима Сейдахмет есімді сатушы жүк тасушылардың жұмысын жиі видеоға түсіріп отырады. Алайда дәл Ертұған Тілеуовтің видеосының осыншалықты таралатынын күтпеген. Нағима мен оның отбасы адал еңбекті басты қағида санайды және ешкімнің ақысын жемейтінін атап өтті.

"Бұл кәсіпті бастағанымызға 20 жылдан аса уақыт өтті. Анам бастап, әрі қарай отбасылық кәсіпке айналып кетті. Дәл осы кісі қалай тасып жатыр, біз де осылай ауыр жүк тасығанбыз. Анам да, мен де, інім де тасығанбыз. Үшеуміздің де денсаулығымыз нашарлап, белден "грыжа" болдық. Ауыр көтере алмағандықтан, осындай кісілерге тасытқызамыз. Әр сейсенбі, бейсенбі, жексенбі күндері бізге тауар әкеледі. Сол кезде осы кісілерге көтергіземіз. Негізі күнделікті жүк таситындарды салып тұрамын. Алайда дәл осы кісінің видеосы таралып кетеді деп ойламадым", – деді Нағима.

Нағима клиенттерге дәлел болсын деп осылай тауар келетінін, жеткізілетінін салып отыратынын айтады. 

"Бұл видеоны кешкісін салдым. Бірақ ертесі телефонымда дамыл жоқ. Хабарламалар, қоныраулар үздіксіз келіп жатты. Қаншама адам хабарласып, біз де атсалысып, көмектесейік деді. Ертұған ағайға қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі өзінің Каспи шоты бұғаттаулы, арестте тұрғанын айтты. Халықтың көмектескісі келіп жатқанын айтып, менің “Каспиім” арқылы қаражат жинауға рұқсатын берді. Осылайша, 397 мың теңге жиналды. Оған өзіміз 3 мың теңге қосып, 400 мың теңгені ағайға бердік. Өзіміздің басымыздан осындай қиындықтар өткеннен кейін, біз ешқашан біреудің ақысын жемейміз. Артық бермесек, ешкімге кем бермейміз. Бұл – біздің өмірлік ұстанымымыз", – деп түсіндірді Нағима Сейдахмет.

Көмек берем, хабарласам деушілерге: Ертұған Тілеуов KASPI GOLD-қа байлаулы телефон нөмірі: 8 775 255 11 79 Ертуган Т.

@nagima_textile

Комментарийге артық жазбаңыздар, атаның орнында бізде осылай жылдар бойы өзіміз тасығанбыз, қазір бел грыжа! Сосын осылай адамдарға ақша беріп тасытамыз, бірде жастар акеледі, бірде осылай қарт кісілер акеледі🥹 Бірақ ешкімнің ақысын жемейміз, өйткені қандай ауыр екенін білеміз өз басымыздан өткесін👆🏻✊🏻

♬ оригинальный звук - Нағима 🌸
Талқылау