"Үлкен инвестиция қажет": Қазақстанда ҚТЖ тарифі көтерілмек
Премьер-министр Олжас Бектенов министрлерге көлік-логистика саласындағы мәселелердің шешімін табуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі
“Көлік инфрақұрылымын қолдау және дамыту үлкен инвестицияларды тартуды талап етеді. Мұны шешудің бір жолы – "Қазақстан темір жолы" АҚ қызметтерінің тарифтерін қайта қарау”, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр "Самұрық-Қазына" қорына Көлік министрлігімен бірлесіп, жүктерді теміржол арқылы тасымалдаудың жаңа тарифтік саясатын әзірлеуді тапсырды.
“Облысаралық және ауданаралық бағыттардағы орташа күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтуды арттыруға қатысты Көлік министрлігі 1 желтоқсанға дейін нақты жобаларды, көрсеткіштерді және қаржыландыру көздерін анықтап, егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуі керек”, – деді премьер-министр.
Бұған дейін 1 қазаннан бастап Қазақстанда пойыз билеттерінің бағасы 20% қымбаттайтыны туралы жазған едік.