Украинаға Қазақстаннан бітімгерлер жіберіле ме - Сенат төрағасы жауап берді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев “Украинадағы шиеленіс аумағына қазақстандық бітімгерлер жіберіле ме?” деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген палата төрағасы Қазақстан ҰҚШҰ-ның мүшесі екенін еске салды. Осыған байланысты "шиеленіс аумағына қазақстандық бітімгерлерді бағыттау мүмкін бе" деген сұрақ туындайды. Бұл тұрғыда біздің ұстаным бірмәнді. БҰҰ жарғысына және басқа да құжаттарға сәйкес, Қазақстан ҰҚШҰ елдерінен тыс жерлерге біздің бітімгерлерді тек БҰҰ мандатына сай жібере алады.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, ұйымның бітімгерлік күштері мен әскерлері тек мүше елдердің аумағында ғана әрекет етеді. Шиеленіс аймағы ұйымға мүше елдердің аумағына кірмейді, сондықтан осы шартқа әрі ратификацияланған келісімдерге сай, қақтығыс аймағына ҰҚШҰ аясында бітімгерлерді бағыттауға болмайды.
Сондай-ақ Әшімбаев Украинадағы жағдайға байланысты пікір білдірді.
“Украинадағы ахуал ушығып, жаңа кезеңге шықты. Бұл жағдайда келіссөздер арқылы шиеленісте саяси шешімді пысықтау маңызды болып тұр. Бұл келіссөздерде барлық мүдделі тараптар қамтылуы тиіс. БҰҰ – осы тектес мәселелерді қарайтын негізгі халықаралық ұйым. Сондықтан бұл дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу үшін мүмкіндіктері бар”, – деді ол.
Еске сала кетсек, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбаста арнайы операция басталғаны туралы хабарлады.
Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский елдің барлық аумағында соғыс жағдайы енгізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгендерін айтты.