"Украинаға қараңдар да, жақсылап ойланыңдар": СІМ ресейлік журналистің даулы мәлімдемесіне пікір білдірді
ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ресейлік журналист Тигран Кеосаянның сөздеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
"Ресейлік журналист Тигран Кеосаянның орынсыз қорлайтын және объективті емес сөздері еріксіз назар аударады. Бәлкім, оның мәлімдемесі ресейлік қоғамның белгілі бір бөлігінің және саяси истеблишменттің көзқарастарын көрсететін болар. Алайда елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдерге сай келмейді", - деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы.
Ол сөзін жалғай отырып, мұндай сөздер тату көршілік қарым-қатынастың атмосферасын уландыратынын және стратегиялық серіктестіктің қарсыластарының "пайдасына" түсетінін айрықша атап өтті.
"Ол Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген адамдардың тізіміне енгізіледі деп ойлаймын", - деді Смадияров.
Айта кетсек, Ресей тележүргізушісінің мәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда ол қазақстандықтарға сес көрсеткен болатын.
“Қазақтар, алғыстарың қайда? Сендер Ресейді дүниежүзінен жоқ болып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Украинаға қараңдар да, жақсылап ойланыңдар. Біздің жауапты тұлғалар біздің қарым-қатынасымызды қайта қарауы керек. Қателесесіңдер! Сендерде әлі уақыт бар. Соңғы вагонға үлгеріп қалуларың да мүмкін. Қазір үлкен соғыс жүріп жатыр. Осы орайда, бізді кім қолдайтынын дұрыстап бақылау керек. Жетер! Өтірік ойнап болған шығарсыңдар. Билікті құтқарып, былығыңды реттеуге қайтарымсыз көмек сұрауларыңды доғарыңдар! Парад өткізбейміз дегендерің не?", — дейді ол.