Үкімет су тасқынынан кейін зардап шеккен жолдарды қалпына келтіруге 23 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді
Министрлер кабинеті көктемгі су тасқынының салдарын жою және қираған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін қосымша 22,7 миллиард теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Magmer.ru
Қаулыға сәйкес, бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол және көпірлер мен арықтарды қалпына келтіру, реконструкциялау үшін әкімдіктерге беріледі.
"Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асады. Негізгі жобалар қатарында Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар", – делінген хабарламада.
Ал Ақмола облысында 14 жоба іске асырылады. Атбасар қаласына кіре беріс жолға, Атбасар – Сочинское автожолына, Жалтыр – Макинск автожолына, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елдімекендерге кіреберіс жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қостанай облысында 22 бағыт бойынша жолдар, көпірлер және 10-ға жуық су өткізгіш құбырларды жөндеу қажет.
Солтүстік Қазақстан облысында 10 жол бағытын, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті су тасқынынан зардап шеккен мектептерді қалпына келтіруге үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлуді сұраған.
Үкімет бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға су тасқынынан кейін бұзылған жол учаскелерін жедел қалпына келтіруге, халықтың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
"2024 жылғы 17 шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді және инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиын барысында үкімет басшысы қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетіп, туындаған мәселелерді тез шешу үшін адамдар мен техниканы жұмылдыруды тапсырды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы Кеген ауданында бұршақ аралас жаңбыр жауып, салдарынан таудан су тасып, жолдарды шайып кеткені туралы жазған едік.