Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзі емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндігін кеңейтуге тиіс – Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктер дерегі бойынша бүгінде қажет 2,4 млн тонна тұқымның 99%-ы бар екенін баяндады. Қалған көлем азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бүгінде шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілген. 

"Қаржы және ұлттық экономика министрлігі мен "Бәйтерек" холдингі пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға берілетін қаражат есебінен шаруаларға кредит беруге қосымша қаржы бөлуді жеделдетуі қажет", – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ үкімет басшысы облыс әкімдіктері шағын және орта деңгейлі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамтуы қажет екенін баса айтты. 

"Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқық әкімдіктерге берілгендіктен, Айдарбек Сейпілұлы, сізге айтарым, әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділ және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуге тиіс", — деді Олжас Бектенов.

Биыл көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін үкімет тиісті шара қабылдап, бұл мақсатқа 140 млрд теңге бөлді.

Талқылау