"Түрмеге тоғыта берсек, не боламыз?!": Елена Әбдіхалықова басы дауға қалған Алмас Кішкенбаевқа қолдау білдірді
ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Елена Әбдіхалықова істі болып жатқан Алмас Кішкенбаевқа қолдау білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Өнер иесі әншіні бала күнінен танитынын алға тартты.
“Белгілі эстрада әншісі Алмас Кішкенбаевты сонау 1-сынып оқып жүрген кезінен білемін. Анасы Айнаш апа екеуі өзінен үлкен домбырасын арқалап, бір концертке қатысуға театрға келген. Алғаш рет тыңдап, театр толы көрерменмен бірге қол соқтық. Кейін Қызылорда Қазанғап Жоғары Музыка колледжінде дәріс бердім. "СуперStar" жобасының қорытынды финалына Алматыға арнайы ұшып барып, жанкүйер болғаным бар. Ешқашан, ешжерде өрескел әдепсіздігін, өтірік сөйлеген көргенсіздігін көргенім жоқ. Есесіне, үнемі ілтипатпен, ізетпен, орнын білетін талантты бала болғаны үшін құрметтеп келемін. Ең бастысы, өнерде мәнері мен әдемі даусы, талғамы бар әнші деп бағалаймын", – деп жазды әнші.
-
"Рас болса, қашып кетпесі анық": Ләйлә Сұлтанқызы әнші Алмас Кішкенбаевқа қатысты пікір білдірді
-
"Сахнаға домалап шығатынмын": Алмас Кішкенбаев өнерден алыстап кетуінің себебін ашып айтты
Сондай-ақ өнер иесінің оғаш қылық көрсеткеніне сенбейтінін айтты.
“Әлем-жәлем желіде түрлі сөз желдей гулеп тұр. Ешкімнен соқыр тиын ұрламаған, тірі жанға зәбірі жоқ, талантты жастарды "жақтым күйе, жаптым жала" деп, түрмеге тоғыта берсек, қалай ел боламыз? Адам болған соң, қисық басатын сәттер де болатын шығар, дегенмен өз басым Алмастың қылмыс жасағанына сенбеймін! Қайта іштей Алмастың образын ашатын әндер болса деп тілеп жүремін. Бүгінгі эстрадада өз биігіне көтерілетін күні алда деп ойлаймын! Лайым, сол күнге жеткейсің, Алмас айналайын! Мұңайма! Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Тек аман жүргейсің!", – деп жазды сазгер.
Еске салайық, бұған дейін әнші Алмас Кішкенбаевтың жасөспірімге тиіскені үшін полицияға жеткізілгені туралы ақпарат тараған еді. 17 жастағы баланың айтуынша, сыраға шамамен 40 жастағы ер адам тапсырыс берген. Ол алкогольді алып, кейін курьерге бірге ішуді ұсынған. Оның үстіне, сол кезде ер адам 11-сынып оқушысының интимдік жағынан ұстап алған. Курьер дереу үйіне барып, әкесіне бәрін айтып, құқық қорғау органдарына хабарласқан.