Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шешіндіріп, дубинкамен ұрады": Қазақстандықтар түрмедегі балалары мен жақындарына араша сұрайды

Шымкентте бір топ жазасын өтеушілердің туыстары бас көтерді.  Олар Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 167/3 түзеу мекемесінің қызметкерлері осындағы жазасын өтеушілерді ұрып-соғып,  сан түрлі
әдістермен қинап жатқанын айтады. Ішкі тәртіпке мойынсұнбадың деген желеумен, тәулік бойы суық бөлмеге заңсыз қамап, тіпті, жарығы жоқ казармада ұстаған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

n8hvt

Бауыр еті баласының түрмеде азап шегіп жатқанын естіген Зулқия Қалменова жанына келінін ертіп, жаны жай таппастан 167/3 түзеу мекемесіне келген. Түрмеде экономикалық қылмыс жасады деген айыппен баласы жазасын өтеп жатыр екен. Бір жыл болыпты Оралдан осында ауыстырылғанына. Содан бері, азаптан көз ашпай келеді дейді ол.
"Бүкіл бір бөлімде су, жарық жоқ. Қазірдің өзінде қараңғы суық клубта ұстап отыр. Күні бойы сонда отырады. Ал таң атқанда ботқаны сүтсіз дайындап береді, жұмыртқа сынды тойымды тамақ бермейді", - дейді жазасын өтеушінің анасы Зулқия Қалменова. 

Азаптауды тоқтатсын деген жазуды қолдарына ұстаған ата-аналар түрменің алдын торуылдап жүрді. Бәрінің айтары бір, талаптары ортақ. Заңға сәйкес, темір торға қамалды, ендеше, жазасын өтесін, тек, оларды қинамасын дейді. Айтуларынша, түрме әкімшілігі сан түрлі азаптау әдістерін меңгеріп алған.

"Балам айтты, біреуі камераға түсіріп тұрыпты. Біреуі сыртқы күртесін шешіп алып, мына жерінде жазуы болады ғой, аты-жөні. Сол курткасын шешіп алып, екіншісі соның астына лезвия тығып жатыр дейді. Табанынан ұрады
екен, құйрығынан ұрады екен. Дубинкамен ұрады екен шешіндіріп тастап", - дейді жасасын өтеушінің әкесі Қалмұрат Ишанқұлов. 

"Жуырда ғана жолдасым хабарласты. Айтуынша, 2020 жылдың 29 желтоқсанында заңсыз, жалғыз өзін қамап қойған. Түрменің жылуы жоқ, суық бөлмесінде үш тәулік аш-жалаңаш ұстаған. Үстіне жамылғы бермеген. Тек, 5-ші тәулік дегенде ғана, оның өзінде де түзеу мекемесі басшылығына талап-арызы жоқ екенін жазбаша түрде тапсырған соң, жамылғы берген. Міне, содан кейін, жолдасым ауруханаға түсті", - дейді жазасын өтеушінің жұбайы Лунара Жақсылыққызы.

Сотталғандар түрмедегі былықтан әбден шаршағандықтан, туыстарына аудио хабарлама жіберген. Онда әрбір жазасын өтеушінің аты-жөні және кімнен қалай таяқ жегендерін ашық мәлімдеген.

"Мекемеде ұрып-соғу мәселесі болғаннан кейін, мекеме әкімшілігіне, басқа да бір, тағы басқа да нәрселерге арыз жазған едім прокуратураға. Сол себепті
мен "безопаскада" болдым. "Безопаскадан" бүгін шықтым. Қазір, енді мен жазғаннан кейін, бұл мекемеде сондай бір қысым болып жатыр, әр жағынан сондай нәрселер болып жатыр бұл мекемеде", - дейді аудио жазбада жазасын өтеуші.  

Осы сынды жазбаларды естіп білген сотталушылардың туыстары енді бауырларын басқа өңірге ауыстыруын талап етіп отыр. Бірнеше рет Бас прокуратураға жазғандарын айтады. Бірақ, оңды шешімге қол жеткізе алмаған. Есесіне, тексеру қорытындысынан кейін түрме әкімшілігінен оңбай
таяқ жейміз деді жазасын өтеушінің бірі. Осыған алаңдаған ата-ана ұлымды әкетпей кетпеймін деп отыр.

Түрме әкімшілігі болса, жабық мекемеде ондай заңсыз әрекеттер жоқ деп шаң жуытпады. Құзырлы органдардан келген өкілдер кемшіліктерді таба алмай кетіпті.

"Сіздің өткенде арыздарыңыз қазір құзырлы органдар прокуратурада қаралып жатыр. Сотталғандарды азаптау және басқа да заңсыз іс-әрекеттер болып жатқан жоқ", - дейді ИЧ 167/3 түзеу мекемесі басшысының орынбасары Нұрлыбек Сандыбаев.

Дегенмен, сотталушылардың туыстары қарап қалмақ емес. Енді олар Президент әкімшілігінен көмек сұрап отыр. 

Талқылау