Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Түрмеде туған күн тойлаған”: Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің бір изоляторда отырғаны тексерілмек

Алматы облысының полициясы Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша күдіктілердің бір изоляторда ұсталуына байланысты тексеру жүргізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаттары Ерлан Адаев пен Саида Тәукелова мәлімдеді.

Желіде видео тараған еді. Видеода кісі өлтіруге күдікті қамаудағылардың туған күн тойлап жатқаны айтылған. Бейнежазбада олардың камера ішінде торт жеп, музыкаға билеп, ұялы телефон пайдаланғаны байқалады. Осыған байланысты мекеме бойынша тексеру жүргізілгенімен, оның нәтижелері әлі жарияланған жоқ.

Отбасының адвокаттары Алматы облыстық полиция департаментіне сұрау жолдап, барлық күдіктінің нақты қай жерде отырғаны туралы ақпарат беруді сұрағанын хабарлады.


Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 117 адамнан жауап алынды – Бас прокуратура


"Заң бойынша және №95 бұйрыққа сәйкес, бір қылмысқа қатысы бар күдіктілер бір камерада отырмауға тиіс. Алайда кеше жарияланған видеода олардың ұялы байланыс құралдары мен басқа да гаджеттерді еркін қолданғанын көрдік. Демек олар бір-бірінің камерасына өтіп, осындай әрекеттерге барған болуы мүмкін. Қазір бұл мәселе бойынша тексеру жүріп жатыр, әзірге нақты қорытынды жоқ", – деді Ерлан Адаев.

Адвокат Саида Тәукелова да өз әріптесінің сөзін толықтырып, күдіктілердің тергеу изоляторларында (ИВС) отырғанын атап өтті.

"Алматы облысында изоляторлар саны көп емес. Тергеу изоляторлары бірнеше ауданға бөлінген. Бізге белгілі мәліметтер бойынша, осы қылмыстық іс бойынша күдіктілер әртүрлі аудандарда орналасқан, яғни барлығы бір изоляторда емес. Бірі Еңбекшіқазақ ауданында, енді бірі Қонаев қаласында, тағы бірі басқа ауданда қамауда отыр", – деп түсіндірді ол.

Ал адвокат Карина Көшербаева қорғаушы тараптың пікірінше, Алматы облысының полиция департаменті жүргізіп жатқан қызметтік тергеуден басқа, бөлек тергеу жүргізу қажет екенін айтты.

"Прокуратура қадағалау органы ретінде, біздің ойымызша, қызмет өкілеттігін асыра пайдалану, лауазымды тұлғаларға пара беру сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері бар екенін ескеруі керек деп есептейміз. Бұдан пара алу және беру де болуы мүмкін", – деді Қаршерева.

Сонымен қатар адвокат тергеу органдары бұл мәселеге қатысты толық ақпарат беруге тиіс екенін еске салды.

"Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды”, – делінген полиция басқармасының ақпаратында.

Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.

Талқылау