"Түрме мен өлім күтіп тұр": Пәкістанға қашқан ауғанстандық әйелдер өздерін кері депортациялап жатқанын айтып көмек сұрады
Ауғанстаннан Пәкістанға қашып кеткен 60 босқын қайта депортацияланып жатыр. Алайда олардың қатарындағы әйелдер мен балалар елдерінде жаза мен өлім күтіп тұрғанын айтып көмек сұрауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Copyright AP Photo/Mohammad Sajjad
Пәкістан билігі шетелдік босқындарға қысымды күшейтіп, наурыздың соңғы күнін депортациялаудың соңғы мерзімі ретінде белгіледі.
БҰҰ Босқындар агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдан бастап Пәкістаннан Ауғанстанға 800 мың ауғандық оралып, депортацияланған. Олардың 70%-ы әйелдер мен балалар.
Change американдық онлайн платформасында 60 әйелді қолдау бойынша петиция пайда болды. Ол қазірдің өзінде 250 мыңнан астам дауыс жинаған.
"Бұл әйелдер қорғауды қажет етеді. Өйткені оларды Талибан қамауға алып, азаптаған, зорлаған. Оларға тіпті Пәкістанда да үлкен қауіп төніп тұр. Осы аптада полиция ауған босқындары тұрған үйлерді тінтті", - делінген сайттағы жазбада.
Өткен аптада Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Пәкістан билігін қауіпті аймақтағы ауғандық босқындарды қорғауға шақырды.
Депортацияға ұшыраған 34 жастағы белсенді Мария Нури халықаралық қауымдастықтан араласуды сұрайды.
"Ауғанстанға қайтау, түрмені тіпті өлімді білдіреді. Халықаралық қауымдастық құқық қорғаушыларды, әсіресе әйелдерді депортациялау біздің қауіпсіздігімізге тікелей қауіп төндіретінін түсінуі керек", - деді ол.
2021 жылы Ауғанстандағы билікті Талибан басып алғаннан кейін өмір сүру жағдайы айтарлықтай нашарлады. Мәселен, өткен жылдың қазан айында әйелдерге бір-бірімен сөйлесуге тыйым салынды.