Түркиядағы жол апатында зардап шеккен 6 қазақстандық ауруханадан шығарылып, елге оралады
Түркияда жол апаты кезінде жарақат алған 6 қазақстандық ауруханадан шығарылды. Олар кешкі уақытта елге ұшады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жол апатынан кейін барлығы 11 қазақстандық ауруханада ем қабылдаған.
"6 отандасымыз ауруханадан шығарылды және бүгін кешке Қазақстанға оралады. Өзге 5 Қазақстан азаматы дәрігерлер бақылауында қалады және қажетті ем қабылдайды", – делінген хабарламада.
Азаматтардың еміне қажетті шығындар сақтандыру полисі есебінен төленген.
"Қазақстандық дипломаттар да көз жұмған азаматтың туыстарына қажетті көмек көрсетуде. Құжаттар рәсімделген соң отандасымыздың мәйіті жақын арады Қазақстанға жеткізіледі", – деп қосты СІМ өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Түркияның Анталья курорттық провинциясындағы Алания қаласының маңында қазақстандық туристер мінген шағын автобустың жүк көлігімен соқтығысқаны туралы хабарлаған едік. Салдарынан үш адам қаза тапты. Оның бірі – Қазақстан азаматы.