Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық ерлі-зайыпты полицейлер 12 жыл бойы бір салада қызмет етіп келеді

Түркістанда ерлі-зайыпты Серік Нұрлыбаев пен Дана Мақашева ішкі істер саласындағы ілкімді істердің атқарылуына үлес қосып жүрген жарасымды жұптың бірі. Өмірде де қызметте де қол ұстасып бірге келе жатқан ерлі-зайыпты полицейлер өз жұмыстарының қиындықтары мен қызықтарын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Отан алдындағы әскери борышын Тараз қаласында өтеген Серік Нұрлыбаев 2004 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ-заң колледжінде "Заңгер" мамандығы бойынша білім алыпты. Заңгерлік мамандықты игеріп шыққаннан кейін, 2007 жылы Көліктегі полиция департаментіне қарасты Түркістан станциясындағы желілік полиция бөліміне патрульдік полиция тобының аға сержанты болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

"Ішкі істер саласында еңбек ету үшін қырағылық қажет-ақ. Осы салаға бет бұрған сәттен бастап, мойныма үлкен жауапкершілік жүгінің артылғанын сезіндім. Қалтқысыз қызмет етуге бар жастық жалыным мен күш-жігерімді жұмсап келе жатырмын. Қызмет барысында тәжірибе жинақтай келе Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инстпекторы ретінде жұмысымды жүйелі түрде жалғастырдым. Кәсіби білікті маман болуы үшін әлбетте өзіңнің біліміңді одан әрі шыңдау қажеттігін ескеріп, Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде "Құқықтанушы" мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінде жемісті еңбек етіп келе жатқаныма он бес жылға жуықтады", – дейді полиция мойоры Серік Нұрлыбаев.

Кейіпкеріміз Серік Жолшыбекұлы бір мекемеде үздіксіз еңбек ете жүріп, 2011 жылы полиция кіші лейтенанты, 2012 жылы полиция аға лейтенанты, 2015 жылы полиция капитаны, одан кейін полиция мойоры сынды қызметтік сатылардан өтіп, мол тәжірибе жинақтай түседі. Ең бірінші кезекте қызмет барысында кездескен әрбір адамның жанын ұғуға тырысатын маман иесінен жасөспірімдердің алар тәлімі мол десек артық айтқандық емес. 

"2015 жылы Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы қызметін атқарып жүрген кезім болатын. Кәмелетке толмағандар арасындағы жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу үшін Түркістан станциясы вокзалының қызмет көрсету аумағында профилактикалық рейдтік іс-шара өткіздік. Мұндағы мақсатымыз – түнгі уақытта қаңғыбастыққа салынып жүрген заң бұзуға бейім кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтау болатын”, – дейді ол. 

Бұған қоса ол өзі тәрбиелеп шығарған шәкірті жайлы да айтып берді. 

“Түнгі рейд кезінде сағат екі шамасында көшеде жалғыз жүрген Мақсат есімді оқушы баланы бөлімшеге апарып, толғырақ жөн сұрасуға тура келді.  Әр бала өзінше бір әлем емес пе?! Олармен әңгімелесу барысында қаталдық танытпай, мейлінше жан дүниесіне үңілуге тырысамын. Осыдан кейін олар да маған бар сырын, бүкпестен ақтарады. Мақсатпен де біраз уақыт сөйлесе отырып, беймезгіл уақытта көшеде жүрудің қауіпті екенін мүмкіндігінше түсіндіруге тырыстым. Арада бірнеше күн өткен соң, Мақсат мені жұмысыма анасымен бірге іздеп келді. Өзінің өткен жолы қате әрекеті үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар ол болашақта полиция қызметкері болғысы келетінін айтты. Мен ішкі істер саласында еңбек ету оңай емес екенін ескерттім. Бірақ алдына зор мақсат қойған Мақсат ақыры Нұр-Сұлтан қаласында заңгерлік мамандығы бойынша жоғары білім алды. Студент кезінде өндірістік іс-тәжірибеден өтуге Түркістан станциясындағы желілік полиция бөліміне арнайы жолдамамен келді. Маған ұқсаған полиция қызметкері болғысы келетінін айтып, тәлімгері болуымды өтінді. Өндірістік іс-тәжірибе аясында мен бар білгенімді үйретуге тырыстым.  Қазіргі таңда Мақсат Нұр-Сұлтан қаласында полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Бастапқыда жұмыс барысында түсінбеген жерлерін сұрап тұратын ол бүгінде өз ісінің маманына айналды", – дейді өзі жас болғанына қарамастан, шәкірт тәрбиелеп үлгерген  кәсіби маман Серік Нұрлыбаев.  

Ал Серік Жолшыбекұлының жары Дана Сырлыбайқызы болса,  еңбек жолын 2007 жылы Түркістан станциясы желілік полиция бөлімінің полиция лейтенанты, анықтаушы қызметінен бастапты.12 жылдан бері бір салада қол ұстасып бірге келе жатқан жұптардың қалай отбасы құрғанын да сөз етті. 

"Дана екеуміз бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт болып бір жылдан аса уақыт араласып жүрдік. Ата-анамның қолқалауымен 2009 жылы үйленуге шешім қабылдадым. Ол кезде менің шенім – сержант, ал Дана офицер, лейтенант еді. Көп ойланып, Дананы алып қашуға бел будым. Сөйтіп жолдастарыммен бірге Түркістан қаласының теміржол вокзалына келдім. Достарым Дананы танымайтын еді. Алып қашатын қызды көргілері келіп, қайта-қайта сұрағыштады. Бір кезде Дана бір құжаттарға көшірме жасатпақ болып, вокзалға келді. Мен достарыма келін болатын қыздың осы екенін айттым. Әлгінде ғана білек сыбана құлшынып келген достарым формадағы Дананы көріп, беттей алмай кібіртіктеп қалды. 

Сонымен Данаға жеке жолығып, өзім мән-жайды түсіндіруге тырыстым. Бірақ қала сыртына шығып, әлі де сөйлесетіндігімізді айттым. Ол қарсылықсыз көлікке отырды. Сонымен ауылдан бір-ақ шықтық. Жеңгелерім де формамен келген келінге орамал саларда қолдары дірілдеп, асып-сасып, әбігерге түсіпті. Қазір осы қызықты сәттер еске түскенде, әбден күліп аламыз. Бүгінде Алланың берген бір ұлы мен екі қызын өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-анамыз", – дейді Серік Жолшыбекұлы.

"Әрине, қыз-келіншектерге ішкі істер саласында қызмет ету қиындау. Күндіз-түн демей, уақытпен санаспай, жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай кездердің бәрінде жанашыр жарым қасымнан табылады. Полиция қызметкері ретінде жемісті жұмыс істеп келе жатқаным, отағасының зор қолдауының арқасы деп білемін. Киелі Түркістанның дамуы жолында жұбымыз жазылмай, бірге еңбек етіп келе жатқанымыз үшін өзімізді бақыттымыз деп есептейміз", – дейді полиция майоры Дана Мақашева.

Біз де шаттыққа толы шаңырақ иелерінің бақыттары баянды болуын тіледік.

Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ

 

Талқылау