Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарыағашта зорлықпен өлтірілген 5 жасар қыздың әкесі қылмыскердің үйін жермен-жексен етуді талап етіп отыр

Сарыағаш ауданында кісі қолынан қаза тапқан Еркежан Нұрмаханның әкесі үкіметке өтініш білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Azattyq-ruhy.kz/видеодан кадр

Нұржан Ережеповтің айтуынша, баспана маскүнемдер мен үйсіз-күйсіздердің ордасына айналған. Ол қасіретті жағдай қайталанады деп қорқады.

“Бірнеше күн бұрын көршілерім маған қоңырау шалып, үйде жарық жанып тұрғанын айтты. Көршілерім ол үйге бас сұғып, арақтың шөлмегі мен стақандар жатқанын көріпті. Бірақ іште ешкім болмаған. Бұл үй қазірдің өзінде маскүнемдердің ордасына айналған. Біз Үкіметтен бұл үйді толығымен сүріп, ал жер телімін өз меншігіне алуды сұраймыз. Халыққа пайда әкелетін орын болсын. Бұл үйді міндетті түрде жермен-жексен ету керек. Тіпті маған биліктегі адамдар оның үйін бұзамыз деп те уәде берген. Үй өте ескі, онда тұру мүмкін емес. Алқаштардың жын-ойнағы десе де болады”, – дейді Нұржан Ережепов. 

Естеріңізге салсақ, 13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бес жасар Еркежан Нұрмахан жоғалып, сау тамтығы қалмаған күйде денесі көрші үйдің шатырынан табылған еді. Ал бүлдіршіннің өліміне бұған дейін де адам өлтірді деп айыпталып, 10 жыл түрмеде отырып шыққан көршісі күдікке ілінді. 7 қыркүйек күні Түркістан облысында 5 жасар қызды аяусыз өлтірген педофилге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Марқұм қыздың әкесі сот үкіміне қатысты пікір білдірген болатын.

 

Талқылау