Түркістанда алғаш рет жастар арасында "QAZAQSTAN KUBOGY" хоккей додасы өтіп жатыр
Түркістан қаласында жастар арасындағы QAZAQSTAN KUBOGY хоккей турнирінің топтық кезеңі өтіп жатыр.
Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысып, олар үш топқа бөлінген. Кубок ойындары Павлодар, Теміртау және Түркістан қалаларында ұйымдастырылуда.
Түркістан қаласы турнирдің С тобын қабылдап отыр. Бұл топта төрт команда — "Торпедо" (Өскемен), "Құлагер" (Петропавл), "Алматы" және "Turan Tigers" (Түркістан) бақ сынауда.

Түркістандағы топтық кезең аясындағы алғашқы ойындар бүгін, 27 тамызда, "Торпедо" - "Құлагер" кездесуімен басталды. Ал кешкі 19:00-де мұз айдынына алаң иелері — "Turan Tigers" командасы мен "Алматы" командасымен кездесті. Тартысты кездесуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, спортшыларға қолдау білдірді.

Бұл кездесу Түркістандық жанкүйерлер үшін ерекше маңызға ие. "Turan Tigers" командасы өз алаңында өнер көрсетіп, Қазақстанның жастар арасындағы ең беделді кубоктарының бірі үшін күресін бастайды.
Турнирдің Түркістандағы келесі ойындары да "Түркістан Мұз Сарайында" өтеді. 28 тамызда "Turan Tigers" "Торпедомен" кездессе, 30 тамызда түркістандықтар "Құлагерге" қарсы соңғы топтық ойынын өткізеді.

Алдын ала кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алады. Жартылай финалдар мен финал 2–3 қыркүйекте Теміртау қаласында өтеді.
QAZAQSTAN KUBOGY — жас хоккейшілердің шеберлігін шыңдап, еліміздің әр өңіріндегі хоккей мектептерін бір алаңда тоғыстыратын маңызды спорттық дода.