Түркістанда 200-ге жуық шебердің басын қосқан халықаралық қолөнер жәрмеңкесі басталды
Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығында “Turkistan Brand Craft Fair – 2026” халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі басталды.
Жәрмекенің салтанатты ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, іс-шараның маңызына тоқталды.
“Баршаңызды Түркістан төрінде өтіп жатқан “Turkistan Brand Craft Fair-2026” фестивалінде қарсы алу мен үшін үлкен құрмет. Өздеріңізге белгілі, туризм Түркістан облысы экономикасының басым саласының бірі. Үкімет және әкімдік тарапынан туризм саласын дамытуға жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Туризм саласы дамуы үшін экономиканың барлық саласы қатар дамуы тиіс. Яғни, туризмнің дамуы барлық салаларға байланысты. Оның ішінде қолөнер қызметін дамыту ерекше орын алады. 2025 жылдың 3 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы”арнайы заңға қол қойды. Қабылданған заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға және өнімдерін ілгерілетуге жол ашылды. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 40-тан астам қолөнерші еңбек етуде. Сырттан келген туристер үшін жергілікті қолөнер туындылары басты қызығушылықтың бірі болып отыр. Сондықтан да біз туризмді дамытуда қолөнершілерге жүйелі қолдау көрсетуді негізгі басымдық ретінде айқындап келеміз. Бүгінгі көрме қолөнершілерге тәжірибе алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік. Баршаңызды ұлттық өнерімізді ұлықтауға, Түркістанды халықаралық деңгейдегі ірі туризм орталығына айналдыруға шақырамын!”, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Жәрмеңкенің мақсаты – қолөнерді, кəсіпкерлікті, туризмді, креативті индустрияны жəне халықаралық ынтымақтастықты бір алаңда тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық платформа қалыптастыру.

Биылғы жәрмеңкеге “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республикалық “Бір ауыл – бір өнім” жобасының финалистері де арнайы шақырылған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі өндірушілерге өз өнімдерін кең аудиторияға, туристерге және бизнес өкілдеріне таныстырып, нарық аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.


"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді