Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшада 34 бүлдіршін уланып қалды
Түркістан облысында балабақшада балалар тамақтан жаппай уланып қалды. Болған жағдайға байланысты Келес аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
24 маусым күні таңғы астан кейін сағат 11:00 шамасында балалар өздерін жайсыз сезінген. Сөйтіп балабақша қызметкерлері дәрігер мен мейірбикені шақырып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Тамақтан уланған балалардың саны 34-ке жетті. Қазір бүлдіршіндер дәрігерлердің бақылауында.
Оқыс жағдайды Түркістан облысы білім басқармасы өз бақылауына алды. Сондай-ақ Келес аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізді.
Түркістан облысы білім басқармасы таңғы аста балаларға берілген ботқаның құрамы мен сүттің құрамы сараптамаға жіберілгенін мәлімдеді. Балалардың уланып қалуына байланысты Келес аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін Бурабайда демалуға барған 14 бала уланып, ауруханаға түскені туралы жазған едік.