Түркістан облысындағы мектептердің бірінде түлектердің барлығы мемлекет грант иегері атанған
Түркістан облысының Жетісай қаласы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның бес бірдей сынып түлектері түгел грантқа түсті. Мектептен барлығы 63 оқушы түлеп ұшқан. Олар тек мектепті сәтті аяқтап қоймай, елдегі жетекші университеттердің грант иегері атанған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Дана Әлайдар – Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясының биылғы түлегі. Талапты шәкірт тынбай тер төгіп, үздіксіз ізденудің арқасында ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Сөйтіп өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
“ҰБТ білетін адамға оңай, білмейтінге қиын. Бірақ сұрақтары әр кезде әртүрлі, қайталанып жатқан сұрақтар болған жоқ. Жалпы жаңа бағдарлама енгізілді. Сол себепті біз екі жақтан да оқып, талпынып, ізденіп, апайлардан сұрап, алып шықтық. Өзімнің қалаған мамандығым – математика-педагогика саласына түстім”, – деді мектеп түлегі Дана Әлайдар.
Әрбір ата-ана өз баласынан үлкен үміт күтеді. Аялап өсірген перзентің мектепті үздік бітіріп, грантқа оқуға түсіп жатса, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ.
“Бірінші Алла, екінші осы мектеп ұстаздары мен ағайдың арқасында биыл қызым – Әлайдар Дана 128 балл жинап, қазіргі таңда С.Демирель атындағы университетке түсіп отыр. Баланың грантқа оқуға түсуі ол – ата-ана үшін, оның қалтасы үшін өте көп көмек деп ойлаймын. Алғысым шексіз”, – дейді қала тұрғыны Елмира Алтаева
Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында әр балаға ерекше назар аударылады. Қойылатын талап та жоғары. Оған ата-аналардың өздері де мүдделі. Сондықтан мұнда мұғалім де, шәкірт те білімнен басқаға бас ауыртпайды.
“Мұғалімдер оқушыларға өз білімдерін жетік меңгерте алды деп ойлаймын. Таңертең 7:45-те мектеп келеміз. Сұхбат өтеміз, одан кейін сағат 8-де сабақ басталады. Түс мезгілінде және кешкі 22:00-23:00-ге дейін сабақта болдық. Оның барлығы ата-аналардың ұымдастыруымен өтті. Бірнеше тапсырмалар берсе, соны біз текст жүйесінде жалғастырамыз. Нәтижеміз содан да көтеріліп жатады”, – деп қосты сынып жетекші Шынар Түймебаева.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп алғаш 1986 жылы ашылған. Түрлі тәжирбиелер жүргізіліп, 2009 жылы гимназия атауы берілген. Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған 2003-2004 жылдан бері бұл мектепті бітірген балалардың 444-і алтын белгі, 224-і үздік аттестат алған. Түлектердің 95%-ті мемлекеттік грантқа түскен.
“Ұжымда ауызбіршілік бар. 1-сыныптан бастап балаларды оқуға дайындаймыз. Соның нәтижесі былтыр, мысалы, 58 бала бітірді. 40 алтын белгі қалғаны үздік аттестат. Соның 57-сі мемлекеттік грантқа түсті. Биылғы бітіргендердің 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат, қалғаны жәй аттестат, барлығы мемгарнт арқылы оқуға түсті”, – деп мәлімдеді Б.Момышұлы атындағы мектеп гимназияның директоры Өмірхан Қозыбақ.