Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне кінәліні бұрын жеңіл жазалаған Шетенов төрағалықтан кетті, бірақ судья қызметінде қалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрқазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьялығына тағайындалды. Мемлекет басшысы аталған жарлыққа 6 қазанда қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетейік, Нұрқазы Шетенов Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" жеңіл жазалады деген сынның астына қалған еді. Аталған жағдайға қатысты Жоғарғы сот Шетеновті қызметінен босату туралы ұсыныс берген.

22 қыркүйекте Жоғарғы сот кеңесі президентке Шетеновті "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заңның 34-бабы негізінде осы соттың судьясы қызметіне қалдырып, аудандық соттың төрағасы қызметінен өз еркімен босатуды ұсынған.

Шетеновтің судья болып тағайындалғанын Түркістан облыстық соты растады. Ол қазір денсаулығына байланысты "еңбекке жарамсыздық парағымен" демалыс алды.

Шетенов өзі жайлы даулы пікірлерден кейін, 7 қыркүйекте өз еркімен жұмыстан кету жөнінде өтініш жазған. 

7 қыркүйек күні Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп танылға Гаийбназаровты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға химиялық кастрация жасалады. Сонымен қатар айыпталушы жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндетті. Айыпталушы жазаны жеңілдетуді сұраған.

Өлген бес жасар қыздың ата-анасы үкіммен келісетінін, бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза беріп босатқан судья мен сот шешіміне қарсылық білдірмеген прокурорды жауапқа тартуды сұраған еді.

Гаийбназаров 15 шілдеде екі айға қамалған. Ол "5 жасар қызды ән қойып беремін деп үйіне алдап кіргізіп, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады" деген күдікке ілінген. Сот мәліметінше, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды пышақтап өлтірген.

Мемлекет басшысы бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне аталған іске қатысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған еді. Ресми мәліметке қарағанда, айыпталушы бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.

Талқылау